ШҚО әкімі Даниал Ахметов жұмыс сапарымен Үржар ауданына барды

ШҚО әкімі Даниал Ахметов жұмыс сапарымен Үржар ауданына барды

Диқандармен кездесіп, егіс науқанына дайындық барысымен танысты. Аймақ басшысы осы жылдан бастап облыс соя және жүгері өндірісінің көлемін ұлғайтатынын жеткізді. Үржар ауданының бұл бағытта мүмкіндігі жоғары. «Қолайлы климат, топырақ сапасы толық көлемде жұмыс істеуге жол ашып отыр» - дейді облыс әкімі.

Даниал Ахметов сондай-ақ, аудандық аурухананың ТЖ режиміне дайындығын тексерді. Кеңес өткізіп, "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасының жүзеге асу барысын талқылады.

Айта кетейік, Үржар ауданында осы бағдарлама аясында 684 жұмыс орны ашылмақ. 43 инфрақұрылымдық жобаның ішінде мектептерді, ауруханаларды, мәдениет пен спорт нысандарын ағымдағы жөндеу қарастырылған. 14 мектепте ішкі дәретханалар мен кәріздер орнатылады. Үржардың 22 шақырым жолы, Егінсу және Қызылту ауылдарына дейінгі автожолдар орташа жөндеуден өтеді. Алакөл жағалауындағы су құбыры және электр желілері құрылысы да осы бағдарлама аясында салынады.

– Биыл аудан орталығындағы бассейн мен Мақаншы ауылындағы спорт модулінің құрылысын аяқтаймыз. Сонымен қатар, облыстық бюджеттен жаңа дәрігерлік амбулатория құрылысына 200 млн.теңге бөлуді тапсырдым. Шалғайдағы ауыл балаларын мектепке тасу үшін 7 автобус алуға, сондай-ақ, ауданды абаттандыру және жолдарды жөндеуге қосымша 500 млн.теңге береміз – деді Даниал Ахметов.