«Жазғы сауықтыру ұйымдары, санаториялық-курорттық мекемелер, базалар мен демалыс орындарының басшыларын кене энцефалитінің тасымалдаушысымен күрес жүргізу қажеттілігі туралы ақпараттандыру» туралы жедел ақпарат

«Жазғы сауықтыру ұйымдары, санаториялық-курорттық мекемелер, базалар мен демалыс орындарының басшыларын кене энцефалитінің тасымалдаушысымен күрес жүргізу қажеттілігі туралы ақпараттандыру» туралы жедел ақпарат

Қар еріп, күн жылынысымен көкке шығу, табиғат аясында серуеңдеу, саяжайда жұмыс істеу маусымы басталады. Көктем және жаз мезгілдерінде табиғат аясына шығып демалу әрине адамның ағзасына өте пайдалы. Дегенмен, тап осы мезгілде кенелердің белсенділігі де арта түсетінін естен шығармау керек.

Жалпы кененің шаққаны ауыртпайды, бірақ денеге қадалып қанды сорған кезде көптеген жұқпалы аурулардың қоздырғыштарын жұқтыруы мүмкін болғандықтан өте қауіпті. Ең қауіптісі – кене энцефалиті.

Кене энцефалиті – жіті, табиғи ошақтық, кене арқылы таралатын жұқпалы ауру. Ннауқастың орталық жүйке жүйесi зақымдалады, сал ауруына шалдығып, мүгедектікке ұшырайды, асқынған жағдайларда адам өліп кетуі де мүмкін.

Шығыс Қазақстан облысында кене энцефалитінің табиғи ошағы 9 аумақты қамтиды, олар – Глубокое, Зайсан, Алтай, Катонқарағай, Көкпекті (Самар аумағы), Ұлан, Шемонаиха аудандары және Өскемен, Риддер қалаларының маңы. 

Кене энцефалиті аурушаңдығының алдын алудағы тиімді шаралардың бірі – кене жұқпаларының таратушысы, иксодтық кенелермен күрес. Сондықтан ШҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті кене энцефалиті бойынша табиғи ошақтарда орналасқан барлық санаториялық-курорттық мекемелер, жазғы сауықтыру ұйымдары, базалар мен демалыс орындары, сондай-ақ, табиғи ошақтарда жұмыс істейтін ведомстволар, ұйымдар мен мекемелердің басшыларына Денсаулық сақтау министрлігінің 2018 жылғы 18 сәуірдегі №175 бұйрығымен бекітілген Санитариялық ереженің талаптарын орындау қажеттілігі туралы хабардар етеді:

- кене энцефалиті бойынша табиғи ошақтарда жұмыс істейтін мамандарды арнайы қорғаныш киімімен, репеленттермен және басқа да жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ету;

- жұмысшылар арасында кене энцефалитінің алдын алу мәселелері бойынша нұсқаулар жүргізу;

- кенеге қарсы өңдеу жұмыстарын көктем басталуымен жүргізу;

- объектінің аумағында және радиусы кемінде жүз метр айналасында тазалау және абаттандыру жұмыстарын жүргізу;

- аумақтағы ағаштарды санитарлық кесу, қураған бұтақтар мен ағаштардан тұрмыстық, құрылыстық және өсімдік қалдықтарынан тазарту, шөпті шабу, үйлерге, су жағасына, спорт алаңына баратын жолдарды кеңейтіп, тазалау;

- маусым бойы объектіні таза ұстау;

- туристік бағыт болған жағдайда жолдың екі шетіне кемінде елу метр қашықтықта тазалау және кенеге қарсы өңдеу жұмыстырын жүргізу;

- объект аумағына үй жануарларын кіргізбеу;

- дератизация жұмыстарын жүргізу.

ҚҰРМЕТТІ БАСШЫЛАР!

ШҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мен оның аумақтық бөлімшелерінің мамандары Сіздердің өтініштеріңіз бойынша кенеге қарсы жүргізілген іс-шаралардың сапасы мен тиімділігіне бақылау жүргізе алатыны туралы хабарлайды!

ЕСІҢІЗДЕ БОЛСЫН!

Кенеге қарсы дер кезінде жүргізілген іс-шаралар Сіздерді және демалушыларды кене энцефалитінен қорғайды!