Облыс орталығы Өскемен қаласында бой көтерген жаңа шағын аудандардағы тұрғын үйлер құрылысының барысымен және бірқатар жобалармен таныстым. Мәселен, драма театры ауданында архитектуралық сәулеті жағынан ерекше әрі заманауи тұрғын үйлер салынуда, қолданысқа берілгендері де бар. Енді биыл мұнда 600 орындық мектеп пайдалануға беріледі. Жалпы, қазіргі үйлер өте сапалы салынуда, аулалардағы жолдар алты метрге дейін кеңейтіліп, әр пәтер үшін бір жарым тұрақ орны қарастырылғанын атап өткен жөн. Биыл тағы 349 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары бар. Сондай-ақ, алты мектептің құрылысы жоспарланған, оның үшеуі Өскеменде. ЖМК ауданындағы құрылысы тоқтап қалған колледжде құрылыс жұмыстары басталды, бұл жерде математика және басқа да цифрлық ғылымдарда дарынды балаларға арналған 910 орындық мектеп-интернат бой көтереді. 2024 жылы "Спорт" шағын ауданында мектеп құрылысы басталады. Ауқымды спорттық-мәдени кешен салудың қызықты жобасы да бар. Жалпы, құрылыс жұмыстары кесте бойынша жүргізілуде, кейбір ескертулер бар, бірақ олар тез арада жойылмақ. Жаңа шағын аудандар өмір сапасының барлық стандарттарына сәйкес келетініне сенімдімін.