Шығыс Қазақстанның орталығында ел Президентінің және облыс әкімінің дәстүрлі шыршасы өтті. Биылғы іс-шара Балалар жылы аясында өтті. Мерекеге өңірдің әр түкпірінен келген 9-13 жас аралығындағы 450 бала қатысты. Олардың қатарында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар ұл-қыздар, сондай-ақ оқуда, спортта, шығармашылықта және қоғамдық өмірде жетістіктерге жеткен дарынды балалар бар.
Шырша мерекесінің жас қатысушылары үшін Жаңажылдық ғажайыптар мен сиқырлар әлеміне саяхат ұйымдастырылды. Олар танымал мультфильмдер мен халық ертегілері кейіпкерлерімен жүздесті.
– Облыс әкімі Даниал Ахметовтің атынан баршаңызды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймын! Биыл барлығыңыздың жақсы оқып, байқаулар мен жарыстарда жеңіске жеткеніңізге өте қуаныштымын. Біздің Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елдің болашағы цифрлық технологияларға байланысты екенін айтып келеді. Балалар, бұл салада білім мен дағдылар меңгеріп, нақты ғылымдарды игеру, тілдерді, тарих пен әдебиетті білу және заман ағымына сай болу өте маңызды. Бүгінгі әлемде сіздер білімді әрі бәсекеге қабілетті болып, өз-өздеріңізді әркез шыңдауға және табысқа жетуге ұмтылуларыңыз керек! Сіздерге және ата-аналарыңызға жаңа жылда тыныштық пен бақ-береке, мықты денсаулық, ұстаздарыңызға асқан шыдамдылық пен табыс тілеймін! Бұл шырша мерекесі әрқайсыңыз үшін жарқын әрі ұмытылмас мейрам болсын. Өз Отанымызды әрдайым мақтан етіп, туған еліміздің патриоты болыңыздар! – деді өз құттықтауында ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев.
Өңір басшысы атынан 250 бала тәтті сыйлықтар мен 150 мың теңгенің ақшалай сертификаттарын алды.
Ел Президенті атынан 200 бала ашық хаттар, кітаптар, тәтті сыйлықтар және 150 мың теңгенің ақшалай сертификаттарын алды.
Сонымен қатар балалар іс-шараның ойын-сауық бағдарламасына қатысты.
– Бүгін мені осы мерекеге шақырды, өйткені мен көпбалалы отбасынан шыққанмын. Мереке өте қызықты болды, өзіме жаңа достар таптым, бәріміз бірге билеп, ойнап, тамаша көңіл көтердік. Маған бәрі ұнады! – деп қуанышымен бөлісті 6 сынып оқушысы Нұрлан Сайлауов.
«Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушісі София Павлияненко өзінің алған керемет әсерлері туралы айтып, шырша мерекесінің ерекше қызықты болғанын атап өтті.
– Мен жаңа жылдан тек қана жақсылық күтемін! – дейді балақай.