Жұмыс сапарымен Катонқарағай ауданында болып, Өрел ауылында халықпен кездесу өткіздім. Жалпы, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жақсы. Біз өз тарапымыздан өмір сапасын жақсартуға ықпал ететін көптеген жобаларға қолдау білдіруге дайынбыз. Аудан үшін туристік бағыт басым екендігі белгілі. Осы ретте бірнеше кәсіпкерлер медициналық, ауылдық және археологиялық туризмді дамытуға гранттар алды, өз ауданын дамытуға күш пен қаражат салатындарға қолдау көрсетуді аллағы уақытта да жалғастырамыз. Аудандағы туристік-ақпараттық орталыққа бардым. Бұл жерде жергілікті кәсіпкерлердің сауда нүктелерін орналастыру қажет, бос тұрмай, кәсіпкерлер бизнесін дамытатын алаңға айналуы тиіс . Сондай-ақ, Катонқарағай ауылында спорт кешені құрылысының барысымен таныстым, жобаны мерзімінде аяқтау үшін қосымша күш тарту қажет. Үлкен Нарын ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне келетін болсақ, оның жанында бассейн салынуда. Бұл өте дұрыс шешім. Жалпы, нысандардың сапасына баса назар аудару керек, бұл өте маңызды.