
Жалпы, 2019 жылдың 12 айында ШҚО-да барлық салада оң даму динамикасы байқалады. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 109%, ауыл шаруашылығы өнімдері – 104%, инвестициялар-123%, құрылыс жұмыстары – 106% артты. 27 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Жалпы өңірлік өнім көлемі 4 трлн. теңгені құрады.
Айта кету керек, өңірде өткен жылы атқарылған жұмыстың басты назары әлеуметтік маңызды бағыттарды қамтыды. Облыста денсаулық сақтауды дамытудың кешенді жоспары жүзеге асырылып жатыр. Үш жыл ішінде 1086 жоғары технологиялық жабдықтар алынды. Роботохирургия мен трансплантология, политравма және ортопедия, сондай-ақ офтальмохирургия орталықтары ашылды. Сонымен қатар, Семей қаласындағы жедел медициналық жәрдем ауруханасы негізінде нейрохирургияға арналған алғашқы гибридті операциялық бөлме жұмысын бастады. Алтай және Аягөз аудан орталықтарында ІІ деңгейдегі инсульт орталықтары құрылды. Науқастарды ерте диагностикалау және емдеуді жақсарту үшін облыстық онкология және хирургия орталығы соңғы үлгідегі 3.0-тесла МРТ жабдықталды. Сондай-ақ, дәрігерлерді даярлаудың үш деңгейлі бағдарламасын жүзеге асыру жұмысы жалғасуда. Үш жыл ішінде 5511 дәрігер оқытылды, оның ішінде 276-ы әлемнің жетекші клиникаларында біліктілігін жетілдірді. Облыс әкімі атап өткендей, биылдан бастап медицина кадрларын оқыту мерзімі 3 айдан 1 жылға дейін артады.
- Қабылданған шаралар медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға және диагностикалау мен емдеудің 130-дан астам жаңа әдістерін енгізуге мүмкіндік берді. Онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтау 6% артты, нәресте өлімі 28%, қан айналымы жүйесі аурулары 7%, туберкулез 66% төмендеді. Биыл денсаулық сақтау ұйымдарын жаңғыртуды жалғастырамыз, дәрігерлерді тұрғын үймен және көтерме жәрдемақымен қамтамасыз етеміз. Бұл облыстың денсаулық сақтау саласында сапалы өзгерістер жасауға мүмкіндік береді, - деді аймақ басшысы Даниал Ахметов есептік кездесу барысында.
Жүйелі жобалар ШҚО білім саласында да жүйелі түрде іске асырылуда. Шығыс Қазақстан "Менің мектебім" жобасы бойынша облыстың 648 мектебін IT-сыныптармен жабдықтаған жалғыз өңір. Оқушылар робототехника, 3D-модельдеу және бағдарламалау бойынша тегін білім алады. Бүгінде тереңдетілген жаңа бағдарламаны енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде, оған Python тілінде Arduino Uno платформасы бағдарламалау бөлімдері кірді. Бұл үшін 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін шағын жинақты мектептердің 600 мұғалімі оқудан өтеді. 2019 жылы 3 мектеп пен 2900 орындыққа шақталған қосымша мектеп ғимаратының құрылысы аяқталды. 2020 жылы Абай ауданында, Өскемен, Семей және Риддер қалаларында жалпы саны 5500 орындық 7 мектептің құрылысы жоспарланған. "Білікті маман" жобасы аясында үшінші жыл қатарынан өңірге қажетті мамандарды оқыту үшін жоғары оқу орындарында облыс әкімінің гранттары бөлініп келеді. Нәтижесінде 3 жыл ішінде түлектердің шетелдің жоғары оқу орындарына кетуі 1800-ден 535 адамға, яғни, 3 есеге төмендеді. 2020 жылы МЖӘ шеңберінде колледждерге арналған 5 жатақхананың құрылысы басталады.
Көпбалалы аз қамтылған отбасыларын қолдау шараларының кешенді бағдарламасы іске асырылуда. ШҚО аз қамтылған және көпбалалы отбасыларының балалары 100% тегін ыстық тамақпен және мектеп формасымен қамтамасыз етілген. 3,8 мың бала балабақшаларға тегін барады. Аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 4200 түлек колледждердің және жоғары оқу орындарының гранттарына ие болды. Кезекте тұрғандар қатарынан 523 көпбалалы отбасы үйлер мен пәтерлер алды. Тұрғын үй алуға кезекте тұрған осы санаттағы азаматтарды алдағы үш жылда толық баспанамен қамтамасыз ету межесі қойылған. Сонымен қатар, биыл қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру үшін 21,5 мың балаға облыстық бюджеттен 418 млн.теңге бөлінді.
Аймақ басшысы есептік кездесу барысында қала және аудан әкімдеріне, сондай-ақ білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармаларына көпбалалы отбасыларына уақытылы кепілді әлеуметтік қолдау көрсетуді тапсырды. Сондай-ақ, масылдыққа қарсы шараларды қолға алуды нықтады.
Жалпы, ШҚО-да тұрғындарды баспанамен қамту мәселесін шешу үшін алдағы 2 жылда тұрғын үй құрылысының көлемі 2 есеге артады. Ол үшін 730 мың м2 жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстары басталды. 2020 жылы 480 мың м2 тұрғын үй салу жоспарлануда.
Өңірдің жол-көлік инфрақұрылымына ерекше көңіл бөлінеді. Ағымдағы жылы автожол саласына 102,8 млрд.теңге инвестиция құйылады. Оның 82,3 млрд. теңгесі республикалық маңызы бар жолдар - "Талдықорған – Қалбатау - Өскемен және Қалбатау-Майқапшағай" бағытына, 20,5 млрд.теңгесі жергілікті маңызы бар жолдарға.
Өңірде халықаралық қаржы институттарының инвестицияларын тарту бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. МЖӘ шарттарының саны бойынша өңір Қазақстанда 1-ші орында. Облыста 222 млрд. астам теңгеге 267 жоба жүзеге асырылуда. Еуропалық Қайта Құру және даму банкімен 75 млрд.теңгеге 12 жоба бойынша шарттар мен алдын ала келісімдер жасалды. Өскемен және Семей қалаларын жылу, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту бойынша 4 жоба іске асырылуда. Қалалардың, сондай-ақ аудан орталықтарының көше жарықтары жүйесін жаңғырту жүргізілуде. Естеріңізге сала кетейік, жақында ЕҚДБ-мен Өскемен және Семей қалаларында қалдықтарды өңдеудің интеграцияланған кешендері мен жаңа санитарлық полигондар салу туралы келісімге қол жеткізілді.
Шығыс Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің жетекші саласы мал шаруашылығы болып табылады, ол облыстың АӨК жалпы өнімінің 62% құрайды. Сүт, бал, панта және күнбағыс майы өндірісінде ШҚО республика бойынша 1 – орынды, ет өндірісі бағытында 2-орынды алады. Сүттің 60% астамы жеке қосалқы шаруашылықтарда жүргізіледі. Соңғы 5 жылда сүтті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында салынған инвестициялар халықтан сүт сатып алуды 17 есеге арттыруға мүмкіндік берді. Қайта өңдеу кәсіпорындарының қуаттарын жүктеу 5 жыл ішінде 29-дан 75% дейін артты.
АӨК дамытудағы векторлық бағыт өсімдік шаруашылығын экспортқа бағытталған өнімге ауыстыру болып табылады. Бірінші кезекте - соя мен жүгері өндірісі. 2024 жылға қарай егіс алқабын 4,2 есеге, өнім экспортын 10 есеге, яғни 1,5 мың тоннадан 15 мың тоннаға дейін өсіру жоспары тұр.
ШҚО-да туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінеді, оған өңірдің табиғи ерекшелігі мен бірегей тарихи-мәдени мұрасы мүмкіндік береді. Соңғы 3 жылда Алакөл көлінің жағалауын абаттандыру және инфрақұрылымын дамыту үшін облыстық бюджеттен 6,3 млрд.теңге бөлінді. Алдағы 4 жылда тағы да 20 млрд.теңгеге 6 ірі инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Биыл Үржар ауылындағы әуежайдың ұшу-қону жолағын қайта жаңарту, Алакөл жағалауына су құбыры желілерін, электр беру желілерін тарту жұмыстары басталады.
2020 жылдың ең жарқын оқиғаларының бірі - Абай Құнанбаевтың 175 жыболад. Мерейтойға орай 2020 жылы 184 іс-шара жоспарланған, оның 24-і халықаралық деңгейде.
Шығыс Қазақстан облысы жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік саладағы жүйелі жобаларды іске асыруды жалғастыра отырып, тұрақты экономикалық даму траекториясында қалып отыр.