Бүгін бірқатар маңызды мәселелер бойынша кеңес өткіздім. Олардың ең маңыздысы - жылыту маусымының басталуы. Облыстағы барлық үйлердің дайындық паспорттары бар. Алдағы күндері түнгі ауа температурасы -7 градусқа дейін төмендейтіндіктен, ертеңнен бастап жылытуды бастауға бұйрық бердім. Биылғы жылы халықтың көмір сатып алуында ешқандай дүрлікпе болған жоқ, қатты отын тұйықтарда жеткілікті, екі тұйық қосымша ашылды, қазан айында бұл жұмысты жалғастыру керек.
Қалалар мен аудандардың әкімдері, сондай-ақ облыстық ТҮКШ және энергетика басқармасының мамандары аудандардағы әлеуметтік нысандарды электр жылуынан қатты отынға ауыстыру мүмкіндігі тұрғысынан мұқият талдауы тиіс. Мұны қайда жасауға болатындығы және шығындар мөлшері туралы нақты техникалық-экономикалық негіздеме болуы керек. Мысалы, Катонқарағай ауданында 36 мектептің 32-сі электрмен жылытылады. Бір ай ішінде барлық ақпаратты дайындау қажет.
Өңірде әкімдіктердің, депутаттар мен мониторингтік топтардың әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын ұстап тұру бойынша бірлескен жұмысы жалғасуда. Мәселен, Өскеменде халықтан бағаның шарықтауына байланысты 32 шағым түсті, Алтай, Күршім және басқа аудандар тұрғындарынан да ақпараттар келуде.