
Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев пен облыс әкімі Даниал Ахметовтың қатысуымен «Парасатты ұрпақ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы облыстық студенттер форумы өтті.
Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-де өткен форум жұмысына өңірдегі жоғары оқу орындарының ректорлары, студенттер мен қоғам белсенділері қатысты. Студенттердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобалары таныстырылып, университеттегі Парасаттылық мектебінің тұсауы кесілді. Заңдылық пен әділділікке, студенттердің сыбайлас жемқорлықпен күресуде сауаттылығын арттыруға бағытталған Парасаттылық мектебінің жұмысы мен алға қойған мақсатына Агенттік төрағасы оң бағасын беріп, бұл тәжірибені еліміз бойынша енгізу қажеттілігін атап өтті.
Форумға қатысқан университет ректорлары мен студенттері сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобаларын ұсынып, ұсыныстарын білдірді. Мәселен, Шәкәрім университетінің ректоры Мейір Ескендіров сыбайлас жемқорлық мәселесіне қатысты сұрақтарды зерттейтін ғылыми орталық ашу туралы бастама көтерді. Осы ретте облыс әкімі Даниал Ахметов бұл ұсыныстың жақсы бастама екенін және Агенттікпен бірлесе қолдау көрсетілетінін атап өтті. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ студентінің «Ақ алақан» жобасы форумға қатысушылардың жоғары қызуғышылығына ие болды.
Форум барысында Алик Шпекбаев жастардың сыбайлас жемқорлықты жоюда белсенділік танытып, қоғамдық сананың артқанын атап өтті. – Сыбайлас жемқорлықты жоюда қоғамдық-азаматтық бақылауды күшейту қажет. Сана адалдығы – парасаттылығы негізі. Бүгінгі жастарымыз осы қағиданы ұстанса, жемқорлық жолдарын қысқартуға болады. Шығыс Қазақстандағы Парасаттылық мектептерінің үлгісін өзге өңірлерге тарату қажет. Себебі бұл орталықтар жастар арасында адалдық пен әділдік принциптерін қалыптастыруда бірден бір қоғамдық институт болып табылады, - деді агенттік төрағасы.
Сонымен қатар дәл осы күні Алик Шпекпаев пен аймақ басшысы Даниал Ахметов облыс әкімінің қоғамдық қабылдауында тұрғындарды қабылдап, сауалдарына жауап берді. Сондай-ақ, Агенттік төрағасы инвестициялық кеңсе жұмысымен танысты. - Бізге басқа облыс пен өзге елдерден инвесторлар келеді. Осы орталықта оларды облысымыздың мүмкіндіктерімен таныстырамыз. Олар осы орталықтан барлық ақпаратты ала алады. Сонымен қатар орталық мамандары оқушылар мен студенттерге кәсіпкерлік негіздерін оқытып, тәжірибе жүзінде көрсетеді, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев жұмыс сапары барысында облыс орталығында жұмыс істеп тұрған өзге де Парасат орталықтарының жұмысын бағалады. Атап айтсақ, қалалық соттың фронт-офисінде болып, келушілермен тілдесті. Және де С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дегі студенттерге қызмет көрсету орталығы мен гуманитарлық колледждегі Парасат мектебінің жұмысымен танысты.
ШҚО әкімінің баспасөз қызметі