
Облыстағы тұрғын үй құрылысының жағдайы туралы әкім орынбасары Бақытжан Байахметов баяндады. Ақпаратқа сай, аймақта биыл 112 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Жыл басынан жалпы аумағы 113,1 мың м2 құрайтын 19 үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар өңірде пилоттық жоба аясында бір қабатты 54 тұрғын үй бой көтеруде. Айта кетейік, биыл ШҚО-да «7-20-25» бағдарламасы аясында 697 азамат пәтер алса, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 2665 адам баспаналы болды.
- Аудан орталықтарында бес-алты емес, екі-үш қабатты тұрғын үй салуды тапсырамын. Отбасылардың несие төлеу мүмкіндіктері әртүрлі осыны ескеруіміз керек. Сондықтан әр санаттағы өңір тұрғындарына сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтер беру жолдарын қарастырып, оның көлемін анықтау қажет, - деді Даниал Ахметов.
2020-2025 жылдар аралығында Өскемен, Үржар, Зайсан әуежайларына жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Аймақ басшысы қайта жөндеуден өтетін аэропорттардың әуе рейстер санын, бағытын арттырып, қызмет сапасын жақсартуды нықтады. Осы ретте жыл соңына дейін жақында жаңартылған Семей әуежайынан Алматы бағытына қол жетімді бағамен рейс ашылады.