
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша бұрын Ұлан ауданы әкімінің орынбасары болған Дархан Жөргекбаев пен ШҚО Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы қызметін атқарған Димитрий Гариков Семей қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
Жөргекбаев Дархан Шомпайұлы 1979 жылы Тарбағатай ауданы Ақжар ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 2003 жылы облыстың ақпараттық-статистикалық орталығының баға статистикасы бөлімінің баға тіркеушісі-маманы болып бастады.
2005-2011 жылдары Шығыс Қазақстан облысының статистика басқармасының біліктілігі жоғары деңгейдегі маманы және Тарбағатай ауданының статистика басқармасының бастығы болды.
2011-2015 жылдары статистиканы есепке алу орталығы директорының орынбасары, статистика департаменті баға статистикасы басқармасының жетекші маманы, ШҚО Ұлан аудандық статистика басқармасының басшысы.
2015 жылы Аягөз қаласы әкімінің орынбасары, 2019 жылы Ұлан ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
Гариков Димитрий Александрович 1975 жылы Бородулиха ауданы, Бородулиха ауылында дүниеге келген. 1998 жылы Семей құрылыс техникумын, 2000 жылы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетін бітірген.
Еңбек жолын Бородулиха ауылының «Служба быта» АҚ-да от жағушы болып бастаған. 1999 жылдан бастап Бородулихадағы көп отынды автомобиль жанармай құю станциясының операторы және Дмитриевка ауылындағы жанармай құю станциясында меңгеруші болып еңбек етті.
2000 жылы Бородулиха ауданы әкімі аппаратының бас маманы, кейін «Коммуналдық шаруашылық» мемлекеттік коммуналдық көпсалалы кәсіпорнының бастығы болды.
2006-2011 жылдары ШҚО Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, Бородулиха ауданы әкімінің орынбасары, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы болды.
2011 жылы Семей қаласы әкімінің орынбасары, 2013 жылы Курчатов қаласының әкімі, 2014 жылы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
2016 жылы ШҚО «Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің бастығы болды.