Өскемендегі атмосфераға тарайтын зиянды шығарындылар көлемі 7 жылда 11%-ға қысқарды – ШҚО әкімдігі

Өскемендегі атмосфераға тарайтын зиянды шығарындылар көлемі 7 жылда 11%-ға қысқарды – ШҚО әкімдігі

Шығыс Қазақстан облысының ауаны ластайтын ірі кәсіпорындары зиянды шығарындыларды азайту үшін және өңірдің қоршаған ортасын сауықтыру шараларына 46 млрд теңге жұмсады.

Бұл туралы экологияны жақсарту мәселелері қаралған Үкімет отырысында ШҚО әкімі Даниал Ахметов айтты.

Аймақ басшысы облыста 2024 жылға дейін экологиялық проблемаларды кешенді шешудің жол картасы іске асырылып жатқанын хабарлады. Зиянды шығарындылар көлемі өндірістерді жаңғырту және қалдықтарды сұрыптау мен қайта пайдалану жүйелерін енгізу есебінен кем дегенде 7%-ға қысқаруы тиіс.

«Соңғы 7 жылда барлық көздерден тарайтын зиянды шығарындылар көлемі 11,4 мың тоннаға немесе 8%-ға төмендеді. Өскемен бойынша 7 мың тоннаға немесе 11,5%-ға азайды.

Экологиялық тәуекелдерді төмендету және қоршаған ортаны сауықтыру үшін ауаны ластайтын негізгі ірі кәсіпорындар табиғатты қорғау іс-шараларын қолдауға 46 млрд теңге жұмсады. Оның жартысынан көбін «Қазмырыш» ЖШС бөлген», - деп атап өтті Д.Ахметов.

Айта кетейік, «Қазмырыш» ЖШС соңғы жылдары зиянды шығарындылар көлемін 70%-ға (41,7 мың тонна) қысқартты. Сонымен қатар, кәсіпорын Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Келісімге сәйкес, компания 2025 жылға дейін өндірістік процестерге озық технологияларды енгізбек. Бұл қоршаған ортаға келетін зиянды тағы 20%-ға азайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, Даниал Ахметов облыс орталығындағы Қазгидромет бекеттерінде қосымша экологиялық қоғамдық мониторинг жүйесі жұмыс істейтінін хабарлады.

«Қолайсыз метеожағдай туындай қалса, УМЗ, Қазмырыш, Өскемен және Согра жылу электр орталықтарымен өзара іс-қимыл жасау туралы меморандумдар жасалды. Осы ынтымақтастықтың арқасында кәсіпорындар ауадағы зиянды заттардың шоғырлануы артқан фактілерге жедел ден қояды, ал халық өзекті ақпаратқа онлайн қол жеткізе алады», -деді аймақ басшысы.