1992 жылғы 4 маусым - ел тарихында мемлекеттік рәміздер күні ретінде мәңгі қалатын күн

1992 жылғы 4 маусым - ел тарихында мемлекеттік рәміздер күні ретінде мәңгі қалатын күн
1990 жылдың күзінде Қазақстан егемендігін жариялап, сонымен бірге КСРО құрамында қалған-тұғын. Араға жыл салып, яғни 1991 жылдың желтоқсанында ел тәуелсіздігін айшықтап, соған орай егемендігін алған елдерден ерекшелейтін жаңа рәміздер қажет болды.
Еліміздің үздік зияткерлік күштері тартылған үлкен жұмыс атқарылды. Елтаңба, Туды және Әнұранды әзірлеу конкурсына 600 адам қатысып, олар мемлекеттік Тудың эскиздері сызылған 1200 нұсқаны, болашақ Елтаңбаның 245 бейнесін мен 67 сипаттамасын, сондай-ақ Әнұранның 750 нұсқасын ұсынды. Бұдан бөлек, қатысушылар арасында тудың эскизін жасауда бұрынғы КСРО елдерінен ғана емес, Германия, Түркия және тіпті Моңғолиядан да шеберлер болды.
Барлық қатысушылардың алдында күрделі міндет тұрды. Егемендігін енді алған мемлекеттің саяси мәні мен мақсаттарын айқын көрсететін көркемдік шешім табу керек еді.
1992 жылғы 4 маусымдағы Парламент сессиясында жаңа мемлекеттік рәміздер бекітілген заң қабылданды. Сол күні оған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойды. Екі күннен кейін Абай атындағы опера және балет театрында тұсаукесер өтіп, онда елдің жаңа рәміздері ресми түрде ұсынылды.
Тудың авторы Шәкен Ниязбеков. Ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес.
Геральдика дәстүрінде әрбір түс белгілі бір ұғымды білдіреді. Мәселен, алтын күш пен қуаттылықты, байлықты, әділеттілік пен адалдықты бейнелейді. Көк түс адалдықты, пәктікті, адалдықты, мінсіздікті білдіреді. Сонымен қатар бұл түс аспанмен байланысты. Түркі мәдениетінде символдық мәні бар.
Туда бейнеленген күн байлық пен молшылықты, ал бүркіт – күш, көрегендік, жомарттықты бейнелейді.
Қазақстан Елтаңбасын Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихан жасаған. Оның орталық элементі – шаңырақ киіз үйдің күмбезі. Бұл отбасылық әл-ауқаттың, бейбітшіліктің, тыныштықтың эмблемасы. Елтаңба – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ  «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес.
Елтаңба композициясының тағы бір құрамдас бөлігі-қанаттары алтын масақты бауларға ұқсайтын, яғни молшылық пен материалдық игілікті білдіретін алтын қанатты тұлпарлар.
Елтаңбаның жоғарғы орталық бөлігінде бес бұрышты жұлдыз орналасқан. Бұл Қазақстанның жүрегі мен құшағы бес құрлықтың өкілдері үшін ашық дегенді аңғартады.
Әнұран мәтінінің авторы Жұмекен Нәжімеденов болса, музыкасын Шәмші Қалдаяқов жазған. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің мемлекеттік гимні екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді.
Бұл ретте мемлекеттік рәміздерді қабылдау процесінде Нұрсұлтан Назарбаев ерекше рөл атқарды. Ол елдің даму мұраттары мен мақсаттарына жауап беретін мәтінге жеке түзетулер енгізіп, Біріккен авторлық ұжымға кірді. Сондай-ақ Елбасының бастамасы бойынша «елтаңба», «әнұран», «нышан», «рәміздер» деген сөздер термин ретінде енгізілді.
Мемлекеттік Елтаңба да жаңартудан өтті. 2018 жылдың қараша айынан бастап елдің атауы латын тілінде жазылған.
Осылайша, 29 жыл бойы ту мен Елтаңбаның алтын-көгілдір түстері әрбір қазақстандық үшін айрықша қымбат. Ең бастысы, еліміздің Мемлекеттік рәміздері халқымыздың: бірлік, бейбітшілік, келісім, достық, еркіндік, күш-қуат және жарқын болашаққа деген ұмтылысын бейнелейді.
Шығыс Қазақстанда тұрғындарды Мемлекеттік рәміздер күнімен облыс әкімі Даниал Ахметов құттықтап, еліміздің Туы, Елтаңбасы мен Әнұраны  ұлттық рух пен тарихты бейнелейтінін атап өтті. Өңір басшысы құттықтауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Отанға деген сезім, өз елі үшін мақтаныш сезімі оның рәміздеріне деген құрметтен басталатыны туралы сөздерін келтірді.
– Бүгінде Отанымыздың рәміздері бүкіл әлемге танымал, баршамыз үшін мақтаныш сезімін тудырып, патриоттық сезімге тәрбиелейді. Халқымыздың бірлігі мен ұлы күшінің арқасында Қазақстанның гүлденетіндігіне сенімдімін, - деп атап өтті Даниал Ахметов.
Мереке күні әлеуметтік желілерде бірнеше патриоттық челлендждер өтті. Сонымен қатар Өскемен тұрғындары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы бар дәстүрлі автомотожарысты тамашалай алды. Ал жастар «Көк тудың желбірегені» әнінің авторы Алмас Ахметбековпен кездесті.
Облыс кітапханаларында түрлі көрмелер, ҚР Мемлекеттік рәміздерінің тарихы мен авторлары туралы викториналар өтті. Мереке онлайн-концерттер және мемлекеттік әнұранды орындау бойынша акциялармен тәмамдалмақ.