Тәуелсіздік - Қазынашылық қағидасы

Тәуелсіздік - Қазынашылық қағидасы

Төл қазынашылығымыздың атқаратын қызметі және оның құрылу тарихына біраз тоқталып өтсек. Қазынашылық сайып келгенде мемлекет байлығының сақталуына жауапаты құзырлы орган деуге болады. Яғни, салықтар, салымдарды өндіріп алуды қарастырып, мемлекеттік мұқтаждықтарға қаражат бөледі. Қазынашылық – ақша қаражаттарын өнімді жұмсауды және сақталуын қамтамасыз етеді. Басқа да мемлекеттік органдар сияқты қазынашылықтың құрылуына да, жетілуіне де көптеген жағдаят ықпал етеді.

Отандық қазынашылық жүйенің құрылуы мен дамуы мемлекетіміздің егемендігін алған мезгілмен тұспа тұс келеді. Жаңа заман талабы, жас мемлекеттің заңы, бюджеттің дамуы сияқты тағы да басқа факторлар мемлекеттік қаржылық басқаруды, қаржылық жүйені реформалауға әкеп тіреді. Осындай маңызды сәтте Қазақстан Республикасының Президенті 1994 жылғы 27 қаңтарда «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылығын құру туралы» Жарлыққа қол қойды.

Аталмыш институт кірістер мен шығыстарды, бюджеттің мақсатты жұмсалуын бақылайды. Және бюджеттік қаражаттың мақсатсыз жұмсалмауын қадағалап, ақша ағынының қозғалысын, оның ашықтығын тиімді басқаруды жүзеге асырады. Әлбетте бюджеттік заңнаманы дайындауда, оны іске асыруда маңызды рөл атқарады. Қазынашылық – қаржы институты.

Бірыңғай ақпараттық ортаны қамтамасыз ету мақсатында орган жаңа ақпараттық жүйеге ауысуды 2004 жылы қолға алды.

Қазақстанның қазынашылық жүйесі сарапшылардың оң бағасына ие болды. Тәжірибесі бірегей жүйе ретінде белгіленіп, басқа елдерге үлгі ретінде ұсынылды.

Қазынашылық жүйесі жаңа талаптарға сай жетілдіріп отыруды қажет етеді. 2011 жылы енгізілген қаржылық құжаттарды онлайн-режімде өңдейтін «Қазынашылық – клиент» жүйесі жұмыс тиімділігін арттыра түсті. Сәйкесінше бюджетті игеру сапасы да арта түсті деуге болады.

2012 жылы квазимемлекеттік сектор субъектілерінің шоттарына қызмет көрсету басталса, 2017 жылы «Құрылыс бойынша мемлекеттік сатып алуды қазынашылық қолдау» жобасы қолға алынған еді. Бұл жобаның негізгі діңгегі − құрылысқа шарттарды іске асырған кезде бюджет шығыстарын мониторингілеу еді.

Қазіргі жаһандану заманында қазынашылық жүйе Қазақстанның қаржылық жүйесінің маңызды тірегі саналады. Қазынашылық мемлекеттік органдардың кірістерін уақтылы есептеп, қаржылық ресурстармен жеткілікті қамтамасыз ете отырып, ақшалай ағынның ашықтығы мен шұғыл жүргізілуін қамтамасыз етеді. Үрдісті неғұрлым автоматтандыру, заманауи озық технологияларды пайдалану, әкімшілік және техникалық тәртіпті жетілдіру - ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

Кезегінде бұл жұмыстардың тигізген жақсы әсері де бар. Бірақ, бұл қазынашылық қызметінің жеткен межесі емес. Алға қойған жемісті жобалар да жетерлік. Атап айтқанда, мемлекеттік қаржының өтімділігін тиімді басқару. Бірыңғай қазынашылық шоттардың уақытша бос қаражатын банктерде орналастыру нарық өтімділігін қолдаудың пайдалы әрі керекті құралы болуы әбден мүмкін.

Алғаш жасақталған сәттен бастап Қазақстанның қазынашылығы бюджет жүйесінің маңызды бағыты ретінде мемлекеттік қаржыны басқару жүйесінен арнайы орын ала отырып, қиыншылығы мол қалыптасу және қарқынды даму кезеңін басынан өткізді. Ал әрбір үлкен жеңістің, талай бағындырған шыңдардың астарында қыруар еңбек, талмас еңбек, қажыр қайрат жатыр.

«Кез-келген келелі еңбек – кемелді келешектің кепілі» деген ұранмен жұмыс атқарып жатқан қызметкерлердің әрбір қадамы асқақ асуларды алары сөзсіз!

Семей қалалық Қазынашылық  басқарма басшысы С.Т.Ақмолдин