Көкпекті ауданындағы "Елім-ай" шаруа қожалығында кезекті рет болдым

Көкпекті ауданындағы "Елім-ай" шаруа қожалығында кезекті рет болдым

Бес мың басқа арналған қазіргі заманғы бордақылау алаңының, сондай-ақ ветеринариялық өткізу пункті мен құрама жем цехының жұмысымен таныстым.

Бұл, менің ойымша, облысымыздағы ғана емес, еліміздегі ең ірі шаруашылықтардың бірі. Мұнда мал шаруашылығын, оның ішінде ет бағытын тиімді дамыту жолын көреміз. Мұнда бес мыңға жуық қазақтың ақбас ірі қарасымен қатар, халық арасында "қара маржан" аталып кеткен Black Angus бар. Айта кету керек, агрокешен оларды будандастырумен айналысады және мүлдем ерекше тұқым түрін алуда.

Мұнда ең үздік әлемдік технологиялар енгізілуде. Егін шаруашылығы да айтарлықтай тиімді дамуда. Мәселен, қысқа уақыт ішінде 1,5 мың га аумақ тамшылап суаруға дайындалған. Атап өтер маңызды бағыт - озық технологиялар негізінде қалыптастырылған жемшөп базасы. Суға арналған жинақтаушы канал салынуда.

Шаруашылық 150 шағын фермерді біріктірді. Бұл шағын шаруашылықтарды дамыта отырып, ет кластерін қалыптастыруға арналған маңызды жоба. Әрине, тағы бірқатар технологияны енгізуде уақытша қиындықтар бар, біз оны шешуге сөзсіз көмектесеміз. Айта кетерлік жәйт, алдағы уақытта "Елім-ай" әлемдік нарыққа шығу үшін халықаралық сертификат алуды жоспарлап отыр.