Құрметті шығысқазақстандықтар!

Құрметті шығысқазақстандықтар!
Сіздерді Отан қорғаушылар күнімен – елдегі ұрпақ сабақтастығын жалғаған, батыр бабалардың даңқты жолы мен Отанға адал қызмет ету дәстүрін тоғыстыратын мерекемен құттықтаймын. Батыр бабаларымыз әр заманда ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен туған жерінің тыныштығы, халқының болашағы жолында күресіп, ұланғайыр өлкені бізге мұраға қалдырды.

Бүгінде өңірдің өр рухты азаматтары әскер қатарында абыроймен адал қызмет етуде. Тәуелсіз Қазақстан құрылған сәттен бастап олар өз отандастарымен бірге өздеріне зор міндет жүктеді. Ол – ұлт қауіпсіздігі. Осы мереке күні облысымыздың барлық тұрғындары атынан сіздерге еселі еңбектеріңіз, ерен ерліктеріңіз пен қайтпас қайсарлықтарыңыз үшін алғыс білдіремін.

Сіздердің перзенттік парыздарыңызға, антқа деген адалдықтарыңыз – қастерлі Отан үшін қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісі. Ел өздеріңіздей ұлдарын мақтан тұтады. Шын жүректен баршаңызға зор денсаулық, мол бақыт, отбасыларыңызға амандық, елімізге бейбітшілік пен құт-береке тілеймін.
Мереке құтты болсын!