
Екі жыл бұрын Ақбауырда Зейнолла Самашев бастаған археологтар ерте сақ кезеңіне жататын, тұрақшылық сипаты бар, елді мекенді тапқан болатын. Мұндағы барлық артефактілер көшпелі сақтардың отырықшы өмір салтын жүргізгенін көрсетеді. Биыл ғалымдар алаңды кеңейтіп, елді мекеннің тереңдігін толық қамтуды, сондай-ақ басқа учаскелерде жұмысты бастауды жоспарлап отыр. Осы ретте айта кетейін, алдағы жылдары Ақбауыр танымал туристік орынға айналатынына сенімдімін. С.Аманжолов және Д.Серікбаев атындағы университеттер қызметкерлері мен студенттерінен құралған жасақ келесі айдан бастап іске кіріседі.
Ал жаңа музей-археологиялық кешен салуға арналған жер учаскесі Ұлан ауданы, Бестерек ауылында орналасқан. Жалпы ауданы 461,4 м2 құрайды.
Бірқабатты ғимараттың құрылысын қыркүйек айында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Дәл осы жерде Зейнолла Самашев "Алтай – түркі әлемінің бесігі" конференциясының қонақтарын қарсы алғысы келетінін жеткізді, оның да өзіндік мәні бар. Алқалы жиын осы жылдың күзінде өтеді деп жоспарлануда.