
Өкінішке орай, қазіргі таңда аймақ тұрғындары арасында COVID-19 вирусын жұқтыруы деңгейінің жоғары өсімін байқап отырмыз. Тек өткен тәулікте 95 адамда оң нәтижесі анықталды. Жағдайлардың басым бөлігі Өскемен және Семей қалаларында, сондай-ақ Аягөз ауданында тіркелуде. Бір апта ішінде Семейде орташа өсім қарқыны 0,5%, Өскеменде 0,4% жетті.
Әсіресе, Семей қаласындағы жағдай ерекше алаңдатады, себебі сырқаттанғандардың жалпы санының үштен бір бөлігі дәл осы қала еншісінде. Сәуірдің басынан бері өңір бойынша ауырғандардың жалпы саны 1507 болса, Семей бойынша - 581 адам.
Сонымен қатар, 1 сәуірден бастап облыс бойынша 263 бала сырқаттанып қалды. Олардың жартысынан көбі Семей қаласының балалары – 136, оның ішінде 93 оқушы.
Бұл қалада сонымен қатар тіркелген өлім деңгейі де алаңдатып отыр. Жыл басынан бері облыс бойынша коронавирустан 25 адам көз жұмса, оның 22-сі Семейде. Осыған байланысты, кеше менің тапсырмам бойынша арнайы комиссия құрылды. Олар оқиға орнына барып коронавирус инфекциясынан болатын өлім-жітімнің жоғары деңгейінің себептерін анықтайды, сондай-ақ көрсетіліп жатқан медициналық қызметтердің сапасын тексереді.
Семей қаласының санэпид бақылау қызметі мен полициясының да атқарып жатқан жұмысының нәтижесі төмен. Науқастармен, сондай-ақ байланыста болған адамдармен жұмыс толық көлемде жүзеге асырылмайды. Мәселен, науқаспен байланыста болған Семейде тұратын 834 азаматтың "Мен байланысушы" мобильді қосымшасын небәрі 211 адам орнатқан. Ал салыстырмалы түрде, Өскеменді алсақ, мұнда 765 байланыста болған адамның 734-інде мобильді қосымша жұмыс істейді.
Барлық мән-жайлар мен себептер анықталғаннан кейін тиісті шаралар қабылданатын болады.
Өзіңізді және жақындарыңыздың денсаулығына сақ болыңыз! Санитарлық талаптарды толық орындауларыңызды сұраймын.