
Туризм, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларындағы бірлескен жобалардың мүмкіндіктерін кеңінен талқыладық.
Поляк әріптестеріміз сынды біз де сауда-экономикалық әлеуетті нығайтуға және дамытуға мүдделіміз. Биыл облысымызда жылу бөлетін атомдық құрамалар өндірісі басталады. Әлем бойынша мұндай жоба бірнеше мемлекетте ғана, атап айтқанда, АҚШ, Франция, ҚХР, Ресей, соның ішінде Қазақстанда іске асырылып жатқаны белгілі. Біздің өңірде, сондай-ақ бериллий, тантал, титан өндіретін бірегей әрі ірі зауыттар бар. Бериллийді, аз мөлшерде біз Польшаға да экспорттаймыз.
Селим Хазбиевич біздің облысқа бірінші рет келіп отыр. Ол өзінің алған әсерлерімен бөлісіп, жазда шұғылалы Шығыстың әсем табиғатының сұлулығын барынша бағалау үшін отбасымен бірге турист ретінде келетінін атап өтті. Бұдан бөлек, біздің және Польша тарапынан туристік өнеркәсіпті бірлесіп дамыту бағытындағы ұсыныстарды әзірлеу, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді.
Сондай-ақ, Елшілік тарапынан 1889 жылы Семей қаласында дүниеге келген белгілі поляк мемлекет қайраткері, публицист Тадеуш Головкаға ескерткіш тақта ашу ұсынылды. Бұл мәселе ағымдағы жылдың қыркүйегіне дейін егжей-тегжейлі зерделеніп, іске асырылатын болады.