
Халықтың мерейін үстем етіп, шаруасын жақсартуға, мұң-мұқтажына демеу болатын мемлекеттік бағдарламалардың жөні мен жолы да бөлек.
Осы бағытта «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек»» мемлекеттік бағдарламасы тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар орасан зор. Әсіресе, азаматтардың өз кәсібін дөңгелетіп әкетуге, жаңадан кәсіп ашуға ниетті болып жүрген жастарды қолдау мақсатында атқарылып жатқан шаруалар жетерлік. Көкірегі ояу саналы азаматтарды талпындыратын, қанатын кең сермеуге ынталандыратын бағдарламаның елдің игілігі үшін тигізген ықпалы мен көмегі жетерлік.
Жеке кәсібін ашып, шаруасын жандандырған жанның бірі Абай ауданының азаматы Құсайын Кенже. Ол «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерінен өтіп, сертификат алып, бағдарлама шеңберінде автокөлік жөндеу орталығын ашуға 555 600 теңге қайтарымсыз грант алды. Бүгінгі күні жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік кірістер басқармасына тіркеліп, өз жұмысын жүргізіп жатыр. Ол өз сөзінде: «Мемлекеттік бағдарламаның қолдауына ие болдым. Нәтижесінде ауданымызда көпшіліктің сұранысына ие автокөлік жөндеу орталығын аштым. Өзімнің қызығушылығым мен қабілетім осы салаға бейім болғандықтан жұмысты ары қарай алып кетемін деп ойлаймын. Мемлекетіміздің көмегі мен қолдауына сезініп, риза болдым. Осындай игі істер көп болып, еліміздің іргесі берік, келешегі кемел болсын!» - деді.