
2021 жылы ШҚО-да 25,8 млрд. теңгеге ауыл шаруашылығы жобалары жүзеге асырылады
ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаевтың төрағалығымен өткен кеңейтілген аппарат отырысында аймақтың ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, қайта өңдеу, сондай-ақ, жаңа кәсіпорындарды құру, ал жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту барысы баяндалды. Қала және аудан әкімдеріне бірқатар тапсырмалар берілді.
Қазіргі уақытта облыс аумағында тамақ және қайта өңдеу саласында жалпы сомасы 193 млрд.теңгені құрайтын жаңа өндірістерді салу және жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту бағытындағы 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде, 2021 жылы бес жоба, атап айтқанда өсімдік майын, шұжық өнімдері мен консервілерді, құрама жемді, құс етін өндіру ісін .
– Ағымдағы жылдың соңына дейін шикізат бойынша жүктемені 30-40%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Майлы дақылдарды өңдейтін кәсіпорын 2022 жылы толық қуатына шыға алады, – деді Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Владимир Гайламазян. - 2021 жылы күнбағыс, рапс, зығыр және соя егіс алаңдары 30 мың гектарға ұлғайып, 476 мыңды құрайды. Бұл ретте майлы дақылдардың жалпы түсімі өткен жылдың деңгейіне қарағанда 53 мыңға артып, 668 мың тоннаға жетеді. Осылайша, жаңа өндіріс орындары үшін шикізаттың қосымша көлемін қамтамасыз етеді.
Владимир Гайламазян атап өткендей, облыста жылына 7,5 мың тонна ет өндіретін комбинат салу жобасы жүзеге асырылуда. Ет комбинатының қуаттылығы күн сайын сегіз мың банка консерві, үш тонна шұжық және бір тонна жартылай фабрикаттар шығаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Өскемен құс фабрикасы биылдан бастап бройлер етін өндіру қуатын жылына 29,5-тен 55 мың тоннаға дейін кеңейту бағытында жұмыстарды бастады. Ал "Прииртышская бройлер құс фабрикасы" ЖШС басшылығы 2021 жылдың қаңтар айынан бастап құс шаруашылығы корпустарында және сою цехында Нидерланды мен Беларусиядан жаңа жабдықтарды орнату бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Осы мақсаттарды іске асыру үшін кәсіпорын "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы бойынша алынған 1,5 млрд.теңгені инвестициялады. Қайта құру жұмыстары аяқталып, жаңа заманауи жабдықтар орнатылғаннан кейін жылына тоғыз мың тонна құс етін өндіру қамтамасыз етіледі деп күтілуде.
Сонымен қатар, ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев биылғы жылы ет пен сүт өнімділігін арттыру қажеттігіне назар аударды.
– Республика бойынша біздің облыс сүт пен ет өндіруде алғашқы орындарда, бұл жағдайда 2021 жылғы ақпан мен қаңтардағы көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы осы мәселені пысықтауы тиіс, - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев. - Қалалар мен аудандардың әкімдеріне бір ай ішінде әрбір ауылмен мал басының табиғи өсімін енгізу керек. Шаруашылық есеп жұмысын пысықтауды тапсырамыз. Шаруашылық есебін үнемі жаңартып отыру қажет.