
Бұл туралы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының орынбасары Айнұр Сұлтанова облыс аппаратының онлайн – жиынында хабарлады.
Жалпы биыл аталған бағдарлама аясында барлығы 1160 грант бөлу жоспарлануда, оның ішінде аз қамтылған және көпбалалы отбасылары да бар. Бір гранттың мөлшері 583,4 мың теңгені немесе 200 АЕК құрайды.
– 2021 жылғы 10 наурыздағы жағдай бойынша жалпы сомасы 39 млн.теңгені құрайтын 67 грант берілді, оның ішінде көпбалалы отбасыларға - 18, аз қамтылған отбасыларға – 21 грант берілді, – деп баяндады облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының орынбасары Айнұр Сұлтанова.
Жиын барысында ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев қалалар мен аудандарға гранттар беру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
- Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы жоғарыда аталған санаттағы азаматтарға грант беру бойынша жақсы жұмыс атқаруда. Десе де, Өскемен, Семей, Риддер және Курчатов қалалары, Абай, Бородулиха, Жарма, Алтай, Шемонаиха аудандары көпбалалы және аз қамтылған отбасыларына гранттар беру бағытындағы жұмысты қарқынды түрде жүзеге асыруы тиіс, – деді ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев.
Айта кету керек, былтыр аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, оның ішінде мүгедектігі бар жандарға, қоныс аударушылар мен этникалық қазақтарға, жастарға, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздарға жалпы сомасы 1028 млн.теңгеге 1852 грант берілді. Грант алғандар өз бизнестерін ашып, атап айтқанда, сүт және кондитерлік өнімдер шығару орындарын, техникалық қызмет көрсету станцияларын ашып, сұлулық салондарын, тамақтану орындарын, жылыжайларды және тағы басқа бизнес түрлерін іске қосты.