Шығыс Қазақстанда ҚТҚ үшін қоқыс сұрыптаужелісі құрылады

Шығыс Қазақстанда ҚТҚ үшін қоқыс сұрыптаужелісі құрылады

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов ЕҚДБ және "ӨКМ Операторы" ЖШС-мен бірлесіп Семей қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жаңғырту бойынша жобаны іске асыру барысын талқылады.

Жоба шеңберінде ҚТҚ полигоны құрамындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару кешенін, сонымен қатар механикалық және биологиялық өңдеу кешендерін салу көзделген. Оның меншік иесі қала әкімдігінің мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны болады.

Айта кетейік, үш жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысы мен Семей қаласының әкімдігі ЕҚДБ-мен аталған жобаны қаржыландыру туралы алдын ала келісімге қол қойған.

– Бүгінгі таңда біз үшін өте маңызды экологиялық жоба ЕҚДБ тарапынан мақұлданды, - деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов. - Қыркүйек айына дейін Өскемен және Семей қалаларында өнімділігі жылына 100,0 мың тоннаны құрайтын қоқысты сұрыптау желісін орнату қажет. Осыған байланысты, қазіргі уақытта әкімдіктердің есебінен ғимараттарды салу және инфрақұрылым желісін тарту бойынша ЖСҚ әзірлеуге конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатқанын атап өткім келеді.

Өскемен, Семей қалаларының әкімдіктері және "ӨКМ Операторы" ЖШС тарапынан ҚТҚ жинау пункттерінің желісін қалпына келтіру және кеңейту, сондай-ақ ҚТҚ МӨ кешенін салу көзделген. Өткен жылы жобаны іске асыру жөніндегі жол картасы шеңберінде әкімдіктер мен "ӨКМ Операторы" ЖШС тараптардың міндеттемелерін айқындай отырып, бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірледі. Бұл кешенді жұмыс жаңа жұмыс орындарын ашады, өңірде қалдықтарды қайта өңдеу пайызын арттырады, ҚТҚ-ны бөлек жинау инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді.

Өскемен және Семей қалаларында ӨКМ Операторының қаражаты есебінен 760 сары еуроконтейнерлер, 1046 қоңырау үлгісіндегі көк контейнерлер және 1050 сары торлы еуроконтейнерлер жеткізілуде. Айдың соңына дейін екі қалаға 12 бірлік заманауи еуростандарттағы арнайы  техникалар жеткізіледі.

Бұдан басқа, 2021 жылдың қазанына дейін халықтан қайталама шикізатты қабылдау пункттері орнатылады. 2022 жылы осы бағыттағы жұмыс жалғасатын болады.