Бағдарлама арқылы бағы жанғандар

Бағдарлама арқылы бағы жанғандар

Биыл Егемен еліміз қастерлі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысында:

–  Біз үшін халықтың жағдайын жасау – басты міндет. Елдің тұрмысы түзелмесе, жетістіктерді мақтан ету артық, - деген болатын. Осы 30 жыл  ішінде халықтың жағдайын жақсартуға арналған көптеген жобалар іске асырылды. Соның ішінде «Бастау бизнес» жобасын ерекше атағанымыз жөн болар. Бұл жобаның басты мақсаты – жұмыссыздықпен күрес және жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Осы бағдарлама аясында өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, еңбекке жарамды мүмкіндігі шектеулі жандарға, қандастарға, көпбалалы және аз қамтылған отбасы мүшелеріне, әр түрлі жастағы жұмыссыздарға, сондай-ақ, бизнесі 3 жылдан аз уақыт жұмыс істеген жеке кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан үлкен қолдау жасалып отыр. Яғни, «Бастау Бизнес» жобасына қатысып, грант ұтқандар қайтарымсыз 200 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі  несиеге ие болады. Жоба «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе жүзеге асырылуда.

Зайсан ауданы бойынша мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға ие болған «Сәлем» сауда үйінде фотосалон ашып, кәсібін дөңгелетіп отырғандардың бірі Манарбеков Жасұлан. Ол «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша, қайтарымсыз грант иегері атанып, бизнес-жоспар дайындап, 1 ай оқу оқып, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізген. Ж. Манарбеков ашқан кәсіп қызмет көрсету саласында сұранысқа ие кәсіптердің бірі. Бұл жерде тек суретке түсіру ғана емес, кішігірім сауда да бар. Жаһанды жайлаған пандемия аяқталған соң, кәсібінің ауқымы бұдан да кеңейе түсетініне сенімді.

 Жасұланның айтуынша, - бұл жоба жұмыс жасаймын, кәсіп ашамын деген жандарға мемлекет тарапынан жасалған үлкен мүмкіндік болып есептеледі. Тек бойында талабы мен ниеті, кішігірім қиындықтарға қарсы тұра алатын күш-жігері болса болғаны. Осындай жағдай жасап отырған мемлекетімізге алғыс айтуда.

Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға ие болған, ерлі-зайыпты Ақмарал Дулатқызы мен Шыңғыс Құрманғажыұлы тәттілер дайындайтын шағын цех пен «Сәлем» сауда үйінде кофе және тіскебасарлар сататын орын ашқан.

Шыңғыс Құрманғажыұлы 505 мың теңге қайтарымсыз несиені ұтып алды. Ол ақшаға кофемашина алып, «Сәлем» сауда үйінде дайын кондитерлік тәттілерін сататын шағын орын ашты. Бұл дүкеннің ерекшелігі – кофені өзіңмен бірге үйге, жұмыс орныңа алып кетуге болады. Ерлі - зайыптылар мұнымен тоқтап қалмайтынын айтып, кәсіптерінің ауқымын одан сайын кеңейтуді жоспарлап, қазіргі таңда  наубайхана ашу үшін құрылыс жұмыстарын бастауда. Мемлекеттен қомақты қаражатқа несие алып, бұл наубайханада нан өнімдерін өзгеше құраммен дайындап, халық арасында сұранысты арттырып, нан пісіру кәсібіне жаңаша леп әкелуге ниетті.

Ақмарал Дулатқызы «Бастау Бизнес» жобасын жанұясы үшін үлкен мүмкіндікке қадам бастырған баспалдақ болғанын айтып, кәсіп бастаушыларға қолдау көрсеткен мемлекетімізге үлкен алғысын білдіруде.

Бұл Зайсан ауданы бойынша «Бастау Бизнес» жобасы арқылы, өз кәсібін  бастағандардың  біразы ғана.  Бұл жобада бастысы ынта танытып, әрекет еткен жөн!