
Биылдан бастап өңірімізде жаңа жоба қолға алынғанын білесіздер. Қазіргі таңда облысымыздағы барлық бұрынғы аудан орталықтарын дамытуға бағытталған Кешенді жоспар әзірленуде.
Өкінішке орай, қазіргі таңда Қайнар тұрғындары мемлекеттік органдардан қарапайым анықтама алу үшін Семейге барады. Себебі, ауылда 26 қызметтің тек 16 түрі көрсетіледі. Сондықтан бүгін қала әкімі Нұрымбет Сақтағановқа мәселені шешіп, тезарада ұсыныс енгізуді тапсырдым.
Кеше атап өткендей, ауылдағы мектепке, мәдениет үйіне бірқатар жөндеу жұмыстары қажет. Тиісті қаражатты бөлеміз. Мәселен, мектептегі спорт залдың терезесі мен едені толық ауыстырып, ғимараттың шатыры мен қасбетін жаңарту қажет. Директордың айтуынша, маман тапшылығы жоқ, биыл интернет желісі тартылып, ІТ, робот техникасы сыныптары толық жұмыс істеп тұр. Алайда, білім сапасына қатысты сұрақтар бар. Бүгінде облыс бойынша ҰБТ балы орта есеппен 85-ті құраса, мұнда 75. Өте төмен. Білім басқармасы мәселені бақылауға алуы тиіс.
Қараөлең ауылдық округінің 2500 тұрғынына қызмет ететін аурухананың күтімі мен қызмет сапасына тағылар сын көп. Дәрі сақталатын қарапайым жиһаздың есігі сынып жатыр, өкініштісі, мейірбикелер оны жасырып әлек. Науқастар жататын бөлмелерде су жоқ, есіктерінің тұтқасы түсіп, әрең ашылып, жабылады.
Бюджеттен жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қажетті құрал-жабдықтарды алуға қаражат бөлеміз. Ультра-дыбыстық зерттеу құрылғысы ескірген екен, тезарада жаңасын алып беру тапсырылды. Денсаулық сақтау басқармасы сондай-ақ, перзентхана ашу үшін жұмысты бастауы қажет.
Сонымен қатар, Қайнарға дәрігерлерді тарту мақсатында мамандарға арналған баспана саламыз. Ауыл көшелерін толық жөндеуден өткіземіз. Ал «Семей-Қайнар» тас жолы келер жылы толық жөнделіп бітеді.
Мәдениет үйінде орналасқан кітапхана қызметкерлерінің айтуынша ғимарат іші суық. Байқағаным, аурухана мен мектеп іші де салқын. Ал ауыл әкімшілігі болса, резервте тұрған қазандықты іске қосуға асықпайды. Көмір мен қаржы тапшы емес. Тек сапалы жұмыс атқаруға ынта жоқ. Бұл мәселе биыл шешімін табады.