
Бүгінгі таңда бизнесті қолдау бойынша Мемлекеттік бағдарламалар арасында ең сұранысқа ие «Бизнестің жол картасы» болып саналады.
Катонқарағай ауданының орталығы Үлкен Нарын ауылының тұрғыны Дина Нурпеисова шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында грант алып бүгінде кәсібін дөңгелетіп отыр.
-Ұлттық нақыштағы киімдерді тігуді бұрыннан ойлап жүретінмін. Сондықтан ғаламтордан әртүрлі онлайн семинарларға, тренингтерге, үйірмелерге қатыстым. Киім тігу менің хоббиім десе де болады. Мемлекет тарапынан әртүрлі бизнес идеяларға қолдау көрсетіліп жатқанын естіген соң, ойымды іске айналдыруды көздедім, - дейді Дина Нурпеисова.
Мемлекеттік бағдарлама арқылы 3 млн.теңге грант алған соң, тігуге қатысты барлық құрал-жабдықтарды сатып алады. Тігін машинасы, оверлог, тік сызықты тігін машинасы сияқты және өндіріске қажетті компоненттерді алған соң іске кірісіп кетеді. Бүгінде кәсіпкер мәдениет үйінің әртістеріне, оқушыларға ұлттық нақыштағы киімдер тігеді. Сондай-ақ 3 ауылдасын жұмыспен қамтып отыр.
«Covid-19» пандемиясы кезінде шеберхана қызметкерлері көпбалалы аналарға, аз қамтылған отбасыларға көпреттік маска тігіп тегін таратып берді.