Алтай ауданының жеке тұрғын үйлерін орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу мүмкіндігі бар

Алтай ауданының жеке тұрғын үйлерін орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу мүмкіндігі бар

Алтай ауданының жеке тұрғын үйлерін орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу мүмкіндігі бар

 

Бұл туралы бүгін Алтай ауданының әкімі Қалиқан Байғонысов ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы жыл сайынғы есептік кездесуінде айтты. Жиынға ШҚО әкімі Даниал Ахметов те қатысты. Кездесу барысында аудандағы жеке үйлерді орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу, Богатырев су жинағыш мәселесі талқыланды.

-        Алдағы уақытта жекеменшік сектордағы жеке тұрғын үйлерін орталық жылуға қосу мүмкін бе? – деп сұрады Серебрянск қаласының тұрғыны Лилия Милц.

Аудан әкімінің айтуынша, 2020 жылы орталық жылуға 50 абонент қосылған, оның ішінде демеушілер есебінен алты аз қамтылған отбасы жылумен қамтамасыз етілді.

- Абоненттерді одан әрі қосуға мүмкіндік бар. Тек оған техникалық шарттар жасасу керек. Болашақта Серебрянск қаласының барлық жеке секторын орталық жылуға қосу жоспары тұр. Ал, Богатырев су жинағышына келетін болсақ, 27 қаңтарда қуаты сағатына 1000 текше ауыз суды 180 м биіктікке беретін екі сорғы кезек-кезек істен шықты. Жедел жүргізілген жұмыстың нәтижесінде қысқа мерзімде мәселе шешімін тапты, - деді Қалихан Байғонысов.

Айта кету керек, өткен жылы ауданда Жаңа Бұқтырма кенті мен Парыгино ауылының мәдениет үйлері жөндеуден өтті. Ұзындығы тоғыз шақырым болатын Алтай және Серебрянск қалаларының 14 көшесі жөнделді. Орталық көшелердің бес тротуары қалпына келтірілді. Жаңа Бұқтырма кентінде ұзындығы 8,4 километр жылумен жабдықтау желілерінің бірінші кезегі қайта жаңартылып, 2 жаңа сорғы станциясы салынып жатыр.

- Биыл экономиканың нақты секторында жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру, жаңа жұмыс орындарын құру жұмыстары жалғасады. Сондай-ақ, Жаңа Бұқтырма кентінің жылумен жабдықтау желілерін, Алтай қаласы мен Зубовск кентінің су құбыры желілерін қайта жаңарту жүргізілетін болады. Малеевка ауылында электр желілері салынып, Алтай және Серебрянск қалаларындағы саябақтар абаттандырылады. Серебрянск қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасады, - деді Қалихан Байғонысов.

Айта кету керек, бүгінде ауданда ірі қалалардың ауруханаларынан кем түспейтін Инсульт орталығы табысты жұмыс істеп тұр. Өткен жылы аудандық аурухана базасында ангиографиялық блок іске қосылды. Қазіргі уақытта стенттеу және аорталық-коронарлық шунттау бойынша 8 операция сәтті жүргізілді. Ауруханада дәрі-дәрмек қоры жеткілікті, стационарлар оттегімен толық қамтамасыз етілген.

- Пандемиямен күреске қарамастан, облыстың денсаулық сақтау саласы даму үстінде. Ағымдағы жылы медицина қызметкерлерінің біліктілігін үздіксіз арттыру міндетін жалғастырамыз. «Босандыру және балалар қызметін дамытудың кешенді жоспары» шеңберінде үш ауылдық медициналық ұйымының босандыру қызметін I деңгейге, тоғыз аудандық және екі ауданаралық ауруханадағы босандыру бөлімін I деңгейден ІІ деңгейге ауыстыруды қамтамасыз ету жоспарлануда. Бұл күрделі босандыру процесін жергілікті жерде жүргізуге және 1500 грамм салмақтағы шала туылған балаларды күтуге мүмкіндік береді. Жалпы өңірдегі перзентханаларды ІІІ деңгейге сай жабдықтау жүргізіледі, - деп қорытындылады Даниал Ахметов.

ШҚО әкімі баспасөз қызметі