
Бесқарағайдағы ауқымды құрылыс жұмыстары
Бесқарағай ауданында белсенді жастар үшін Жастар орталығы ашылады. Бұл туралы аймақ басшысы Даниал Ахметовтің қатысуымен өткен 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму туралы аудан әкімінің онлайн-есеп беру кездесуінде айтылды.
Атқарылған жұмыстар туралы есеп бере отырып, Бесқарағай ауданының әкімі Шалқар Байбеков ауылдық елді мекендерді дамыту аясында аудандық бюджет есебінен Жастар орталығы үшін ғимарат сатып алу жоспарланғанын, сондай-ақ автобекет ашып, "Бесқарағай-Бозтал" және "Бесқарағай-Қоянбай" бағыттары бойынша ауданішілік маршруттар ашылатынын атап өтті. Бұдан басқа, ауданда екі пәтерлі 20 үй салынады, Қарағайлы, Долон және Қарабас ауылдарында сумен жабдықтау бойынша үш жоба аяқталады. Глуховка, Жетіжар, Бөдене, Мостик және Ерназар ауылдарында су құбырларының құрылысы басталады. 12 көшенің орташа жөндеуі аяқталып, алты көшеге жарық орнатылады. Мостик және Қоянбай ауылдары ұялы байланыспен қамтамасыз етіледі.
Жиын барысында аудан тұрғындары толғандырып жүрген сауалдарын қойып, тұщымды жауап алды.
- Бесқарағай ауылында жол жөнделгеннен кейін жақсы болды, бірақ жүргізушілер жылдамдық режимін сақтамайды. Мектеп жанында жол белгілері орнатылып, полиция қызметкерлері бақылау жасаса. Сонымен қоса, өткен жылы аудан жастары ерікті ретінде белсенділік танытты. Осы орайда соларға арнап Жастар орталығы ашылса деп тілейміз, - деді тұрғындар.
Аудан әкімі Шалқар Байбековтің айтуынша, аудан орталығында қажетті белгілер орнату үшін қаражат қарастырылған. Олар биыл орнатылады. Ал Жастар орталығына келетін болсақ, белсенді жас ұрпақ үшін әкімшілік ғимарат сатып алуды жоспарлап отыр.
Жалпы, өткен жылы ауданның өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,5 млрд.теңгені құраса, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 26,9 млрд. теңгеге жетті.
- Өткен жылы "Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасы аясында жалпы сомасы 73 млн.теңгеге төрт жоба іске асырылды. Қара-Мырза, Мостик ауылдарының мектептерінде 15 балаға арналған шағын орталықтар ашылды. Сондай-ақ, біз көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 900 баланы 18,1 млн.теңге қаражатына мектеп формасымен қамтамасыз еттік. Аудандық бюджет есебінен Лесной ауылынан Семияр орта мектебіне қатынайтын оқушыларға автобус сатып алдық. Жаңа оқу жылында мектептерге 153 компьютер, 133 ноутбук және 47 планшет берілді, – деп баяндады Бесқарағай ауданының әкімі Шалқар Байбеков.
Сондай-ақ, өткен жылы аудан бойынша барлығы 28 ауылдық елді мекенінің 21-і орталықтандырылған сумен жабдықталды. Жалпы сомасы 40 млн. теңгеге бес блокты-модульді станция орнатылды.
– Бесқарағай ауданының 75 пайызы сумен қамтамасыз етілген. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Жалпы облыс бойынша біз 2024 жылға дейін барлық елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету міндетін қойып отырмыз. 2015 жылмен салыстырғанда біз сумен қамтамасыз ету нысандарының құрылысын қаржыландыруды тоғыз есеге арттырдық, – деп қорытындылады аймақ басшысы Даниал Ахметов.