Өскеменде ел Тәуелсіздігінің 30-жылдық мерейтойы бастау алды

Өскеменде ел Тәуелсіздігінің 30-жылдық мерейтойы бастау алды

Бүгін Өскеменде қала активінің қатысуымен Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 30-жылдық мерейтойы бастау алды. Шараны облыс әкімі Даниал Ахметов салтанатты түрде ашты.
Айта кетейік, бұл шара қалалық санитарлық-эпидемиялогиялық қадағалау басқармасының рұқсатымен барлық сақтық талаптарын орындай отырып, өткізілді. Қатысушылар толық ПТР-тестілеуінен өткен. 511 орынға шақталған театр залына тек 58 адам шақырылды. Әлеуметтік қашықтық қатаң сақталды. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар көрермендерге бір реттік қолданылатын маскалар мен қолғаптар таратты.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2021 жыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы болып жарияланды. Бабалар арманы ақиқатқа айналған, азаттықтың ақ таңы атқан бұл күннің ел үшін тұғыры биік екені айқын. Тәуелсіздіктің арқасында Қазақстан әлем мемлекеттерімен терезесін тең етті. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясаты мен пайымды шешімдерінің арқасында айқын мақсат-мұратына қол жеткізді.
Іс-шарада құттықтау сөз алған өңір басшысы Даниал Ахметов «халқымыз үшін Тәуелсіздіктен артық бақыт та, байлық та жоқ» екенін ерекше атап өтті.
- Баршаңызды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан жаңа саяси және экономикалық белесті еңсерді, әлемнің дамыған 50 елінің қатарына енді. Бүгінде біз келісім мен татулық туын тіккен, саяси тұрақты қоғам құрған, тағдыры бір, мақсаты ортақ, біртұтас халықпыз. Дүниежүзі мойындаған арманы асқақ, жасампаз ұлтпыз. Дамудың даңғыл жолына түскен мемлекетіміздің қалыптасуы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Кемел келешекке бастаған Елбасы жаңа, тәуелсіз Қазақстан дамуының негізін қалады, - деді облыс әкімі.
Шара облыс өнерпаздарының мерекелік бағдарламасымен жалғасты. Патриоттық әндер шырқалып, LED экраннан ел тарихындағы маңызды оқиғалардан үзінділер көрсетіліп, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының естеліктері берілді.