«Бастау Бизнес» армандарды мақсатқа жетелейді

«Бастау Бизнес» армандарды мақсатқа жетелейді

Жыл сайын мемлекеттік бағдарламаларға қатысатын адамдар саны артып келеді. Бородулиха ауданында мемлекеттік қолдауға ие болған адамдар саны аз емес. Мәселен, аудан тұрғыны Рината Балықбаеваның қызығушылығы бизнеске айналды.
Ол бала күтіміне байланысты еңбек демалысында тәтті торттар пісіре бастайды. Заманауи, алуан түрлі хош иістендіргіштер мен қарапайым дизайндағы тәттілер көздің жауын алып, тіл үйіреді. Рината торттарын ешқандай курстардан өтпей-ақ, алдымен отбасылық мерекелер үшін, кейін достары үшін дайындады. Содан бастап тапсырыстар біртіндеп түсе бастаған.
Рината бала күтіміне байланысты еңбек демалысынан шыққан соң, жұмысына оралады. Заңгер болып жұмыс істей жүріп, сүйікті ісін қалдырмады. Уақыт өте ол кондитерлікпен толықтай айналысуға шешім қабылдайды. Әлеуметтік желілерде «Еңбек» бағдарламасы бойынша ұйымдастырылған «Бастау Бизнес» курстары туралы хабарландыруды көріп, қатысуға шешім қабылдайды.
- Мемлекет тарапынан кәсіп бастауға үлкен қолдау көрсетілген. Кәсіп бастайын деген адамға барлық мүмкіндік жасалған. Ең бастысы ниет керек ғой, - дейді кәсіпкер Рината Балықбаева.
Өткен жылы бағдарлама аясында Рината 200 АЕК алып, мемлекеттік грант ұтып алады. Сөйтіп, арнайы жабдықтарды сатып алып, өз кәсібін бастаған.
Айта кету керек, тәтті торттар пісіру көп күш-жігер мен шыдамдылықты талап етеді. Бір тәттіні дайындауға 8-12 сағаттай уақыт кетеді.