
ШҚО әкімі Даниал Ахметов облыстық тарихи-өлкетану мұражайына қойылған сақ элитасының өкілінің салтанатты киімін қайта құру жұмыстарының нәтижелерімен танысты. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшаларында жариялады.
«Еске сала кетейін, ақсүйек әйелдің жерлеу киімінен алтын зергерлік бұйымдар табылған №5 Берел қорғанын 2017 жылы профессор Зейнолла Самашев зерттеген-ді.
Әйел діңгегі бар бөрене үйде жерленген, ал оның жанында әбзелдермен әшекейленген екі жылқының қаңқалары болды. Зейнолла Самашев атап өткендей, бірнеше рет тоналғанына қарамастан, діңгектің түбінде сыртқы бас киімнің көптеген алтын әшекейлері сақталған, олардың ішінде алтын жалатылған ағаштан жасалған тау ешкілерінің көлемді мүсіндері, жыртқыш құстардың ою-өрнектері мен фантастикалық полиморфты қанатты тіршілік иелері, түрлі өрнекті пластиналар мен жапсырмалар бар.
Сондай-ақ, бұғылардың барыспен күрескен көріністері бейнеленген үлкен тікбұрышты пластиналар табылды. Жерлеу шұңқырының қабырғасынан табылған қалдықтарға қарағанда олар өте ерекше үлгідегі әйелдер тоңының түрлі элементтерін безендірген. Артефактілердің қатарында: темір, алтынмен қапталған пышақ, ұсақталған құмыралар, алтын сырғалар және басқа да заттар бар.
Бұл табылған заттар уақытқа қарамастан, б.з. д. IV ғ. соңы мен III ғ. басында өмір сүрген ақсүйек сақ әйелінің бейнесін қайта жасауға және сол алыс дәуірдегі сәнгерлердің материалдық мәдениетінің бейнесі, эстетикалық талғамы мен қалауы туралы, сондай - ақ көркем мәдениеті, бейнелеу өнерінің бейнелері туралы белгілі бір түсінік жасауға мүмкіндік берді.
Айта кетейін, біз бес жыл бойы осы бағытта үлкен жұмыс жүргізіп келе жатырмыз. Бұл мемлекет тарихының маңызды парағы, сондықтан биыл бюджеттің белгілі бір бөлігін осы бағытқа жоспарлап отырмыз. Жұмыс барысына екі университетіміз тартылады. Себебі студенттер ғана емес, жас ғалымдар да жаңа Қазақстанның жаңа тарихына атсалысуы керек».
Аймақ басшысының айтуынша, биыл Елеке сазы және Ақбауырдағы жұмыстар жалғасады. Облыстың археология тұрғысынан маңызды тарихи орындары бар Шілікті тобына үлкен көңіл бөліп отырғанын да атап өтті.