ШҚО-да тұрғын үй құрылыс қарқыны талқыға түсті

ШҚО-да тұрғын үй құрылыс қарқыны талқыға түсті

ШҚО-да тұрғын үй құрылыс қарқыны талқыға түсті

 

Бүгін ШҚО әкімі Даниал Ахметов аймақтағы тұрғын үй құрылысының барысы туралы кезекті жиын өткізді. Жалпы облыс бойынша 2016 жылдан бастап 2020 жылға дейін 2,1 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген, жыл сайынғы орташа өсім 110,4%-ды құрайды. Тек былтырдың өзінде 519,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген, көрсеткіш жақсы, алайда межелі көрсеткіштен Өскемен қаласы қалыс қалды. 610 пәтерлі 5 үйді іске қоспады.

-        Өткен жылы Өскемен қаласында тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары орындалмады. Ағымдағы жылдың І жартыжылдығында да мардымды іс бітіретініне сенімді емеспін. Сондықтан, Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына ескертулерді ескере отырып, "ШҚО-ның 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2021 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған міндеттер туралы" облыс әкімдігі қаулысының жобасын қайта пысықтауды тапсырамын. Егер Өскемен қаласы бойынша көпқабатты тұрғын үй құрылысы жоспарлы түрде орындалмаса, қаражатты аудандарға бөлуіміз қажет. Сол арқылы қазіргі, бұрынғы аудан орталықтарында бір қабатты тұрғын үй салу ісіне қарқын берген абзал, - деді Даниал Ахметов.

Осы ретте аймақ басшысы құрылысы биыл аяқталып, азаматтарға пайдалануға берілуі тиіс тұрғын үйлердің Өскемен қаласы әкімдігі мен Құрылыс басқармасы ұсынған іске қосу кестесін қайта қарастыруды тапсырды.

- Бұл мәселе тек Өскемен қаласына емес, барлық аудан-қалаларға қатысты. Сондықтан Құрылыс басқармасына әр тұрғын үйдің құрылысын аяқтау кестесімен қатар, тұрғындарды қоныстандыру кестесін жасауды тапсырамын. Егер әр әкімнің қолы қойылған кестедегі меже орындалмаса, тиісті жауапкершілік жүктеледі, - деді ШҚО әкімі.

Сондай-ақ, Даниал Ахметов пайдалануға берілетін нысандардың барлығында дер кезінде инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды тартып, абаттандыру жұмыстарын жүргізу қажеттігін нықтады. Айта кету керек, 2021 жылы Шығыс Қазақстанда қаржыландырудың барлық көздері есебінен 577,2 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарда бар.