
ШҚО-да көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар құрылысын жүзеге асыру мәселесі талқыланды
Аймақ басшысы Даниал Ахметов қалалар мен аудандардың әкімдерімен тұрғын үй және әлеуметтік құрылыс жоспарлары бойынша селекторлық кеңес өткізді.
Өткен 2020 жылы Шығыс Қазақстан облысы құрылыс қарқынын үдетті. 1000-нан астам көпбалалы және аз қамтылған отбасы баспаналы болды. Тұрғын үй, әлеуметтік нысандар салынып, жолдар жөнделді. Биылғы жылы бұл жұмыстарды әрі қарай дамыту көзделген.
Өңір басшысы атап өткендей, ағымдағы жылы ШҚО-да қаржыландырудың барлық көздері есебінен 912,5 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда. Оның ішінде, жеке инвесторлар есебінен көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін 1143 пәтерлі 759 бір қабатты үй салынады. Бұрынғы аудан орталықтарында 72 үй бой көтереді.
- Бұрынғы аудан орталықтарына баса назар аудару қажет. Қалалар мен аудандар әкімдеріне бір апта ішінде ұсыныс енгізуді тапсырамын. Барлығы жұмыс уақытымен тиісті сапада орындалуы керек. Сондай – ақ, барлық әкімдер аумақты абаттандыру және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым өткізу бойынша жұмыстардың орындалу кестесін ұсынуы тиіс, - деп атап өтті Даниал Ахметов.
Облыс әкімі құрылыс компанияларының бәсекелі орта жағдайында жұмыс істеуі жұмыс сапасын артатынын тілге тиек етті. Егер әрбір аудан жеке инвесторлар есебінен несиелік тұрғын үй салса, әлеуметтік тұрғын үй құрылысына арналған жоспардан жоғары квота алуға мүмкіндігі бар.
Айта кетейік, биыл әлеуметтік-мәдени мақсаттағы 9 нысанның құрылысы жалғасын табады. Семей қаласының Степной кентінде 300 орындық мектеп, Қайнар ауылында заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады. Тағы 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешені Бозанбай, Таврия, Марқакөл, Ақсуат ауылдарында, сондай-ақ Серебрянск қаласында пайда болады. Ал жүзу бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешені Бородулиха ауданында бой көтереді. Сондай-ақ, Самар ауылында және Аягөз қаласында жүзу бассейндерінің құрылысы жүрмек. Өскемендегі 244 орындық 9 қабатты жатақхананың құрылысы жалғасады.