ШҚО-да сайлау күні 45 бала дүниеге келді
Кезекті Парламенттік сайлау Тәуелсіз Қазақстанның дамуы жолындағы маңызды кезең болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Сайлау - кез келген елдің өміріндегі маңызды оқиға. Бұл сайлау елдегі демократияны дамытудың басты қадамдарының бірі». Ал, шығысқазақстандық 45 отбасы үшін бұл күн, тағы бір есте қаларлық оқиға - сәбидің дүниеге келуімен ерекшеленді.
Айгүл Мейрамбаеваның отбасы енді жыл сайын 10 қаңтарды атап өтетін болды. Шынында да, бұл күні оның ұлы дүниеге келді. Айгүлге дауыс беру мүмкіндігі перзентханада берілді.
- Бұл бүкіл ел үшін маңызды саяси іс-шара, біз жергілікті мәслихаттар мен Мәжіліс депутаттарын сайлаймыз. Биыл мен өзімнің сайлау құқығымды ана мен бала орталығында пайдаландым, бұл өте ыңғайлы, мен үшін дауыс беру алғаш рет перзентхана қабырғасында өтуде. Балам екеуміз өзімізді жақсы сезінеміз, осы айтулы күні салмағы 3420 гр болатын ұлымыз дүниеге келді. Өз таңдауымызды жасау мүмкіндігі үшін алғысымызды білдіреміз, өйткені біз болашағымыз үшін дауыс береміз, - дейді босанған ана.
Бұл күні ана мен бала орталығы қабырғасында 210 әйел өз таңдауларын жасады. Олардың қатарында тек босанған және жүкті әйелдер ғана емес, сонымен қатар стационарлық ем алып жатқан бала күтіміндегі аналар да болды.
Аталмыш орталықтың директоры Ермек Омарбеков сайлау құқығы барлығына толық көлемде берілгенін айтады.
– Менің ойымша, бұл тіпті жақсы ырым десе де болады. Өйткені мұндағы аналар балаларының жарқын болашағы үшін дауыс берді, - деп атап өтті Ермек Сембайұлы.
Айта кетейік, 10 қаңтарда ШҚО-да 24 қыз бен 21 ұл бала дүниеге келді.