
Бүгін, 10 қаңтарда таңғы сағат 9-ға дейін облыстың Ана мен бала орталығындағы жабық сайлау учаскесінде 167 әйел дауыс берді.
– Біз дауыс беруге қатысып, өз таңдауымызды жасадық. Қызым осында емделіп жатыр, мен оның қасындамын, бірақ соған қарамастан біздерге өз құқығымызды пайдаланып, балаларымның болашағы үшін дауыс беруге мүмкіндік туғызып отыр, – дейді Жәзира Еңсебаева.
Медициналық мекеменің бас дәрігері Ермек Омарбеков атап өткендей, сайлау құқығы барлығына толық берілді, жабық учаскеде комиссия жұмыс істеуде.
– Менің ойымша, мұның тіпті біршама символикалық мәні де бар, – деп атап өтті Ермек Сембайұлы. – Біздің орталықтағы емделушілер өз балаларының болашағын таңдайтындарын түсінеді. Дауыс беру барлық бекітілген нормаларға сәйкес өткізілуде.
Естеріңізге сала кетейік, Ана мен бала орталығы – Шығыс Қазақстан облысының барлық тұрғындарына сайлау құқығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берген 71 жабық учаскенің бірі.