
2021 жылы ШҚО-да тірек ауылдарды стандарттармен қамтамасыз ету деңгейі 66,7% - ға жетеді
Бұл туралы бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің отырысында айтылды. Жалпы, "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы аясында ШҚО-ның 116 тірек ауылдары мен кенттерінде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту қарқынды жүріп жатыр. Оның ішінде бұрынғы 11 аудан орталықтары бар.
Аталмыш бағдарлама аясындағы алғашқы жобалар өткен жылы төрт ауданда басталған болатын. Нәтижесінде Көкпекті ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Үржар мен Күршім аудандарында жаңа жүзу бассейндері салынды. Жақында Глубокое ауданында Мәдениет үйі пайдалануға берілді.
– Ағымдағы жылы 52 жоба жүзеге асырылуда, бүгінгі таңда тек 46 жоба аяқталды, қалғандары келесі жылға көшуде. Олар: Күршім ауданының Қалжыр ауылындағы спорт модулінің құрылысы, Жарма ауданының Әуезов кентіндегі Мәдениет үйі, Катон-қарағай ауылындағы дене сауықтыру кешені және Катонқарағай ауданы Үлкен Нарын ауылындағы орталық аурухана ғимаратының жөндеу жұмыстары, - деді экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Ұлақова.
Бүгінгі таңда Катонқарағай ауданында төрт мектепке, мәдениет үйіне, сондай-ақ көшелерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Күршім ауданы Марқакөл ауылындағы балабақша, аурухана және клубқа, сондай-ақ көшелерге күрделі жөндеу жүргізілді. Үржар ауданы Мақаншы ауылындағы спорт модулі салынып, Алтыншоқы және Шолпан ауылдарындағы мектептерде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Тарбағатай ауданындағы Тұғыл және Ақжар ауылдарындағы мектептер мен мәдениет үйлері, сондай-ақ көшелерде күрделі жөндеу жұмыстары бітті.
- Шекара маңындағы аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуы халықтың көші-қон ағынын тұрақтандырудың негізгі болып табылады. Сондықтан, "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы және шекара маңындағы аудандарды дамытудың кешенді жоспары аясында межеге алынған барлық жобаларды сапалы іске асыру тұрғындардың өмір сүру деңгейі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді, – деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.
Келесі жылы 20 тірек ауылда 25 жобаны іске асыру жоспарланған. Жалпы, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының ақпараты бойынша, келер жылы ШҚО-да тірек ауылдарды стандарттармен қамтамасыз ету деңгейі 66,7 пайызға дейін артады.