ШҚО-да өңір колледждеріне оқуға түсуге ниетті оқушылар саны артқан

ШҚО-да өңір колледждеріне оқуға түсуге ниетті оқушылар саны артқан

ШҚО-да өңір колледждеріне оқуға түсуге ниетті оқушылар саны артқан

 

ШҚО-да техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту бойынша үш жылдық бағдарлама жүзеге асырылуда. Бүгін аймақ басшысының төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің отырысында осы бағдарлама шеңберіндегі іс-шаралар жоспарын орындау мәселесі талқыланды.

 

2020 жылдан бастап аймақтағы колледждер оқу процесін құруда модульдік-құзыреттілік тәсілге көшті. 59 колледжде 79 мамандық бойынша мамандар даярлау екі деңгейлі оқыту моделі бойынша жүргізіледі. Бұл түлектерге бірден 3 жұмысшы біліктілігін алуға мүмкіндік береді.

 

- Бүгінгі таңда 58 колледжде дуалды оқыту белсенді түрде жүргізілуде. 714 кәсіпорынмен 4230 шарт жасалды. Оның аясында түлектер одан әрі жұмысқа орналасу мүмкіндігімен тағылымдамадан өтеді, – деді Сайрангүл Жұмаділова.

 

Бағдарлама аясында облыс колледждері әлеуметтік серіктестермен бірлескен кәсіби бағдарлау жұмыстарын жүргізеді. Грант көлемі жыл сайын 10% - ға артып отыр. Басқарма басшысы Сайрангүл Жұмаділова атап өткендей, бұл шаралар оқушылар тарапынан сұранысты арттыруға мүмкіндік берді. Мәселен, 2018 жылы ШҚО колледждеріне 5828 студент түссе, өткен жылы бұл көрсеткіш 6215-ке жеткен.

 

Жалпы өткен оқу жылында 14 колледж үшін 144,6 млн. теңгеге 32 жаңа модификация кабинеттері сатып алынды. 5 жетекші оқу орнында WorldSkills стандарттарына сәйкес құзыреттілік орталықтары ашылды.

 

– Біз балаларды еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқытамыз. Кәсіптік бағдар беру бағытында жүргізіліп жатқан жұмысты тоқтатпау, сондай – ақ түлектердің жұмысқа орналасу үлесін арттыру қажет, - деп атап өтті ШҚО әкімі Даниал Ахметов.

 

Айта кету керек, биыл ШҚО колледждерінде студенттер мен түлектерді WorldSkills талаптары бойынша оқыту нәтижелерін демонстрациялық емтихан түрінде бағалаудың жаңа жүйесі енгізілді. Білім басқармасының ақпараты бойынша, емтихан тапсыру кезінде кәсіби дағдыларды көрсетуге мүмкіндік беретін нақты өндірістік жағдайлар модельденеді, бұл ретте тапсырмаларды орындаудың тәуелсіз сараптамалық бағасын кәсіпорын өкілдері арасынан сарапшылар береді.