
ШҚО-да жыл соңына дейін тағы 83 бір қабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі
Шығыс Қазақстан облысының басшысы Даниал Ахметов қала және аудан әкімдерімен тұрғын үй құрылысы мәселелері бойынша селекторлық кеңес өткізді.
Бүгінде облыста бір қабатты тұрғын үй бағдарламасы сәтті жүзеге асуда. Жыл басынан бері 36,6 мың шаршы метрді құрайтын 382 пәтерлік 206 үй халықтың әлеуметтік осал топтарына берілді. Жыл соңына дейін тағы 145 пәтерлі 83 үй беру жоспары тұр. Айта кету керек, барлық үйлерде толық әрлеу жұмыстары жүргізіліп, пластикалық терезелер қойылып, су және электр жүйелері тартылған.
- Жаңа жылға дейін 145 пәтерге кезегі бойынша қол жеткізген барлық көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қоныстандыру қажет. Сондай-ақ, менің тапсырмам бойынша салынып жатқан үйлердің сәулеттік келбетін жақсарту үшін жаңадан эскиздік жобалар жасауды тапсырамын. Сонымен қатар әкімдер мен Денсаулық сақтау басқармасы, әсіресе, шекаралық аймақтағы бұрынғы аудан орталықтарында екінші деңгейлі перзентхана ашу ісін ары қарай жалғастырулары тиіс. Алдағы жылы бұл бағытта қарқынды жұмыс атқару межесі тұр, қажетті қаражат көлемі бөлінеді, - деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.
Айта кету керек, 2021 жылы облыста тағы 705 бір қабатты тұрғын үй салу жоспарда бар.