
ШҚО: Глубокое ауданында жаңа Мәдениет үйі ашылды
Шығыс Қазақстан облысының Глубокое кентінде Тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы Мәдениет үйі бой көтерді.
Бүгін Тәуелсіздік күні қарсаңында облыс әкімі Даниал Глубокое ауданында жаңадан бой көтерген Абай Құнанбаев атындағы Мәдениет үйінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Айта кету керек, іс-шара барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, өткізілді.
Заман талабына сай салынған мәдениет ошағында 300 орындық көрермен залы, сонымен қатар «Мультимедиялық журналистика», «Өзімді және техниканы танимын», «Пирография» техникасы сияқты сабақтар өткізуге арналған шеберханалар бар. Балаларға арналған үйірмелерде «Амигуруми» әдісі арқылы тоқуды, «Пэчворк» техникасымен бұйымдар жасауды, "Граттаж" техникасын қолдану арқылы дәстүрлі садақ атуды, сурет салуды үйретеді.
Айта кету керек, салтанатты шараға ауданның құрметті азаматтары, қоғам өкілдері, «Терезе» ЖШС мердігерлік ұйымының басшылары да қатысты.
- Сіздерді еліміздің келе жатқан басты мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Соңғы 30 жыл ішінде еліміз іргесі бекем, қадамы нық, бағыт-бағдары айқын мемлекетке айналды. Жаңа мәдениет үйі біздің болашақ жетістіктеріміздің символына айналсын. Балаларымыз бен немерелеріміз үшін осындай тамаша нысанды салғанымызға қуаныштымын, - деді Даниал Ахметов.
Мәдениет үйінің ерекшелігі, мұнда заманауи жабдықталған кинотеатр жа қызмет етеді. Жаңа нысанның алдына жаңа сквер мен Абай Құнанбаевқа арналған бюст орнатылды. Шығыс Қазақстан облысының басшысы Даниал Ахметов ақсақалдармен бірге ескерткішті салтанатты түрде ашып, гүл шоқтарын қойды.