
Глубокое ауданындағы көпбалалы отбасыларға пәтер кілттері табысталды
Бүгін ШҚО әкімі Даниал Ахметов барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, Глубокое ауданындағы көпбалалы отбасыларға жаңа пәтерлердің кілттерін табыс етті.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында 12 көпбалалы отбасы баспаналы болды. Айта кетейік, баспаналар Глубокое кентіндегі 60 пәтерлі тұрғын үйден берілді.
- Басты мереке қарсаңында сіздерге жаңа пәтердің кілттерін табыстап тұрғаныма қуаныштымын. Әрбір көпбалалы отбасы еліміздің баға жетпес байлығы. Сіздерге ең бастысы денсаулық, шаңырақтарыңызға береке-бірлік тілеймін. Жаңа үйлеріңіздің іші қуаныш пен балалардың күлкісіне толы болсын! – деді Д. Ахметов.
Баспаналы болған көпбалалы аналардың арасында Айнұр Жомартова арманындағы үйін көруге асықты. Қуанышы қойнына сыймаған ана шексіз алғысын білдірді.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен үйлі болып жатырмын. Үйіміз өте үлкен, жарық екен. Енді жиһаз бен тұрмыстық техниканы әкелу ғана қалды. Барлығымыз сыятын, кең, жайлы баспанаға қолым жеткеніне қуаныштымын! Барлық көпбалалы аналар атынан балаларымызды жайлы жағдайда тәрбиелеуге мүмкіндік сыйлап отырғандарыңыз үшін алғыс білдіремін, - деді А. Жомартова.
Айта кету керек, ағымдағы жылдың соңына дейін облыс бойынша 1038 көпбалалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда.