
Шығысқазақстандықтар мемлекеттік наградалармен марапатталды
Бүгін ШҚО әкімі Даниал Ахметов Президент тапсырмасымен мәдениет, ғылым, білім, денсаулық сақтау салаларының қайраткерлеріне, өндірістік сала өкілдеріне мемлекеттік наградалар табыс етті.
Аймақ басшысы жиналғандарды Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтап, еліміздің дамуы мен өркендеуіне ерекше үлес қосқан шығысқазақстандықтарға алғыс білдірді.
Облыс әкімі 37 шығысқазақстандыққа салтанатты түрде мемлекеттік наградалар тапсырды. II дәрежелі «Достық» орденімен Глубокое ауданындағы «Семена Масличных» ШҚ басшысы Людмила Цыбенко марапатталды. Ол облыстағы ірі шаруа қожалықтарын басқарып, күнбағыс және дәнді дақылдардың бірегей тұқымдарын өсірумен айналысады. Аудан тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етіп, өңірдің қоғамдық өміріне белсене қатысады.
Сонымен қатар, «Құрмет» орденімен Илья Елфимов, Жайық Жұмаханов, Қайрат Қожахметов, Умуд Эфендиев марапатталды. III дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдары әр салада еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтарға берілді. Ал, 13 азамат ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрмет грамотасымен мадақталды.