ШҚО-да үй салуға мүдделі тұрғындарға жер телімдері берілуде

ШҚО-да үй салуға мүдделі тұрғындарға жер телімдері берілуде

ШҚО-да үй салуға мүдделі тұрғындарға жер телімдері берілуде

Бүгін ШҚО әкімі Даниал Ахметов келер жылы өңірдің бас қалаларында жүргізілетін жеке тұрғын үй құрылысына қатысты арнайы жиын өткізіп, тиісті тапсырмалар берді.

Облыста жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу мақсатында кезекте тұрған азаматтарға жер телімін беру жұмыстары жалғасуда. Басты талап – берілген жер телімін уақтылы, мақсатты пайдалану. Көп жағдайда олардың игерілмеуіне инженерлік инфрақұрылымның жоқтығы себеп. Осы мәселені шешу үшін Шығыс Қазақстанда жеке тұрғын үй құрылысына берілетін жер телімдері қарастырылған аумақтарды кезең-кезеңмен қаржыландыру жоспары бекітілген. Қазіргі таңда Семей, Өскемен және Аягөз қалаларындағы 1 кезеңге кірген жер учаскелерінің жалпы саны 2 591 құрайды. Барлығы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. 1700 учаске тұрғын үй салуға берілген. Қазіргі таңда олардың 602-нде жұмыс аяқталған, ал 790 учаскеде әлі құрылыс басталмаған.

– Жер алған тұрғындар онда үй салуға мүдделі болулары тиіс. Қажетті инфрақұрылым жүргізілген, яғни, жарық пен су тарттық. Сондықтан берілген учаскелерде құрылыс жұмыстары жүріп жатқанын қатаң бақылауымыз қажет. Әкімдер бұл бағыттағы жұмысты жалғастыруы керек, - деді аймақ басшысы Д. Ахметов.

Жеке тұрғын үй құрылысы Өскемен қаласындағы 20 шағын ауданда қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде қала тұрғындарының 119 үйі қолданысқа беріліп, тағы 120 үй құрылысы жүргізілуде. Семейде «Ұшақтар», «Комсомольский», Аягөз қаласындағы «Мясокомбинат» шағын аудандарында да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Жалпы, Өскемен бойынша жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер телімдерін алуға кезекте 4206, Семейде 24473 адам тұр.