Шығысқазақстандықтар «Халық алғысы» медалімен марапатталды
Бүгін Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, коронавирус инфекциясымен күресте белсене атсалысқан ірі кәсіпорын басшыларына салтанатты түрде «Халық алғысы» медалін тапсырды.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев індетпен күресте еліміздегі ірі кәсіпорындардың алатын орны ерекше екенін атап өткен. Сіздер әлемді әбігерге салған, соның ішінде елімізді де айналып өтпеген қауіпті індет кезінде жұрт игілігіне қызмет етіп, қайсарлық пен мейірімділіктің нағыз үлгісін көрсетіп, халықтың ыстық ықыласы мен шын құрметіне ие болдыңыздар. Өңірдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру жолында белсене қатысқандарыңыз үшін алғыс білдіремін, - деді Д. Ахметов.
Шығыс Қазақстан облысында COVID-19 індетінің белең алған 1-ші толқынында өңірдің ірі кәсіпорындары барынша қолдау көрсетіп, жағдайды тұрақтандыруға сүбелі үлестерін қосты. Атап айтқанда, «Aitas» АҚ кәсіпорны Семей, Өскемен қалаларында ПТР-зертханаларын ашып, дәрі-дәрмек, залалсыздандыру құралдарымен қамтамасыз етті.
- Короновирус індеті кезінде өз компаниямыздың атынан 600 млн. қаражатты бөлу туралы шешім қабылдағанбыз. Соның арқасында республиканың 4 қаласында ПТР-зертханалар аштық. Бұл пандемиядан аман-есен шығу үшін халыққа көмектесу - басты міндетіміз екенін түсінеміз. Сондықтан қолымыздан келгенше көмек қолын созуға тырыстық, - деді «Aitas» АҚ бас директоры Серік Толықпаев.
Естеріңізде болса, республика көлемінде бір рет қолданылатын медициналық маскалардың тапшылығы кезінде Шығыс Қазақстан облысы бетперделерді тігу ісін қолға алған еді. Миллиондаған дана тапсырысты дер кезінде тігіп, тұрғындарды сапалы өніммен қамтамасыз еткен «СемСпецСнаб» ЖШС еңбегі де бүгін елеусіз қалмады.
- Біздің кәсіпорында 300-ге жуық адам қызмет етеді. Оның басым көпшілігі әйел адамдар. Пандемияның алғашқы толқынында олар күн-түн демей бетперделер тікті. Біз індет басталғалы барлығы 2,5 млн.-ға жуық бетперделер дайындадық. Мемлекет басшысы ұжымымыздың еңбегін бағалап, қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіреміз, - деді «СемСпецСнаб» ЖШС директоры Айнұр Қабдылқызы.
Ағымдағы жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, сондай-ақ пандемияға қарсы күрестегі жемісті жұмысы үшін 100 жуық шығысқазақстандық "Халық алғысы" медалімен марапатталды.