Коронавирус: сырқатты тек тәртіппен ғана жеңе аламыз
Көпшілік жерге бармауға тырысып, әлеуметтік арақашықтықты сақтап, маска тағу, антсептик пен бір реттік қолғаптарды пайдалану сынды санитарлық талаптарды ұстану аса маңызды. Коронавирус инфекциясын біз тек тәртіппен ғана жеңе аламыз.
Шығыс Қазақстан облысының аумағында шектеу шараларының сақталуын бақылау бойынша жұмыс жүргізетін мониторингтік топтар тұрғындарға бұл жайлы күнделікті ескертуде.
Алайда салынып жатқан айыппұлдардың көлеміне қарамастан, аймақта карантин шараларын бұзу фактілері толастамай тұр.
Облыс орталығында 23 қарашада өткен рейд барысында сауда кешендері мен азық-түлік дүкендерінде 5 ереже бұзу фактісі тіркелді. «Заңғар» сауда үйінің, «Томирис» дүкенінің, «Имидж» және «Аида» шаштараздарының жұмысшылары медициналық маскасыз қызмет көрсеткен.
Көкпекті ауданында жүргізілген рейдтердің нәтижесінде санитарлық нормаларды бұзу бойынша 67 айыппұл салынған.
Глубокое ауданында бір күнде санитарлық нормаларды бұзудың 4 фактісі анықталып, хаттамалар толтырылды.
Ұлан ауданы бойынша Асубұлақ кентіндегі "Мөлдір" және "Уалиолла Г" ЖК дүкендерінің 2 сатушысына және қоғамдық орында медициналық маскасыз жүрген 2 тұрғынға қатысты хаттамалар толтырылды.
Зайсан ауданында 23 қарашада 9 нысанда рейд жүргізілді, нәтижесінде 3 ереже бұзу фактісі тіркеліп, 319 470 теңге айыппұл салынып отыр.