
Тұңғыш Президент күні қарсаңында Өскеменнің 30 жанұясы пәтерлі болды
Бүгін Шығыс Қазақстанның 30 отбасы қоныс тойын тойлауда. Көптен күткен көпқабатты үйдің пәтер кілттерін ШҚО әкімі Даниал Ахметов салтанатты түрде табыс етті.
- Баршаңызды келе жатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтаймын! Осындай жарқын мерекеде баспаналы болып жатқан барлық отбасыларға береке-бірлік тілеймін. Қоныс құтты болсын! – деді Д. Ахметов.
Отыз отбасының ішінде көпбалалы жанұялар, балалар үйінің тәрбиеленушілері, үй кезегінде тұрған басқа да әлеуметтік қолдауға ие топ өкілдері бар. Солардың бірі – жеңіл атлетикадан екі дүркін Паралимпиада ойындарының чемпионы Ольга Демченко. Баршаға өз ризашылығын білдірген чемпион көршілерін жаңа қоныспен құттықтады.
Ал төрт баланың анасы Меруерт Мұқұшева балаларымның арманы орындалды деп қуанышын жасырмады.
- Бүгін біздің жанұямыз үшін қуанышты күн. Көптен күттік. Мемлекеттік бағдарлама арқасында өз пәтерімізге қол жетті. Қолдау көрсеткен Елбасымызға, Президентімізге зор алғыс білдіремін, - дейді көпбалалы ана Меруерт Мұқұшева.
Айта кетейік, биылғы жылы 200-ден астам отбасы «Жалдамалы тұрғын үй», «Бақытты отбасы» бағдарламалары аясында аталған көпқабатты тұрғын үйден баспаналы болды.
ШҚО әкімінің баспасөз қызметі