
Шығыс Қазақстан облысында экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету - негізгі басымдықтардың бірі.
Өңірдің бас экологы Әсет Сүлейменовтың баяндамасына сәйкес, өткен жылғы зерттеулердің қорытындысы бойынша Өскемен қаласындағы атмосфералық ауаға таралатын зиянды шығарындылардың негізгі үлесі автокөлікке тиесілі - 56,7%. Өнеркәсіптік кәсіпорындардың үлесі - 34,4%, ал жеке сектордағы пешпен жылытудан шығатын шығарындылар 8,9%-ды құрайды.
Сонымен қатар соңғы бес жыл ішінде өнеркәсіптік кәсіпорындар қоршаған ортаға таралатын шығарындылар көлемін 8 пайыздан астамға қысқартты. Бұл табиғатты қорғау шараларының жүйелі жүргізілуі мен өндірістік процестерді жаңғыртудың нәтижесі.
Бүгінде ШҚО-дағы ірі кәсіпорындарда 15 автоматтандырылған экологиялық мониторинг жүйесі орнатылған. Алайда мұндай жүйелер әзірге «Шығыс Жылу» АҚ-ның №2 қазандығында және «Востокмашзавод» АҚ-да орнатылмаған.
Өңірде экологиялық бақылау жүйесін жетілдіру, автоматтандырылған мониторингті енгізу және қоршаған ортаны қорғау саласындағы негізгі құжаттарды әзірлеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Басым бағыттардың қатарында атмосфераға таралатын шығарындыларды одан әрі азайту, жылу энергетикасы нысандарын жаңғырту, елді мекендер мен туристік аймақтарда тазарту құрылыстарын салу, коммуналдық қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру, оларды орналастыру мен қайта өңдеуге арналған заманауи инфрақұрылымды қалыптастыру мәселелері бар.
Сондай-ақ облыстағы туристік нысандардың басым бөлігінде су бұру және ағынды суларды тазарту жүйелерін дамыту қажеттілігі әлі де өзекті болып отыр. Бұл түйткілдің түйінін тарқату арқылы экологиялық тәуекелдерді азайтып, туристік аумақтардың тұрақты дамуына мүмкіндік жасалады.
Жиын барысында ШҚО Туризм басқармасы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне туристік нысандарда заманауи жергілікті тазарту құрылыстарын орнатуға жеңілдетілген несие беру тетігін әзірлеу жөнінде ұсыныс енгізді.
Ал туристер көп баратын аумақтардағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарына келсек, қазіргі таңда Катонқарағай, Күршім, Самар және Марқакөл аудандарында мұндай полигондар жоқ.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев бұл бағыттағы пилоттық жобаларды іске асыру үшін жылдық 3 пайыздық мөлшерлемемен 15 жылға дейін жеңілдетілген несие беру мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін жеткізді.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев бүгін ШҚО әкімдігінде өткен кеңесте өңірдегі экологиялық ахуалға ерекше назар аударды. Министр өнеркәсіптік кәсіпорындардың қоршаған ортаға әсерін азайтудың маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жиынға қатысқан ірі кәсіпорындардың басшыларын атмосфералық шығарындыларды бақылау жүйелерін одан әрі жаңғыртып, зиянды шығарындылар көлемін қысқарту бағытындағы жұмыстарды жалғастыруға шақырды. Сонымен қатар аймақ басшысы ірі бизнесті ШҚО ұлттық парктерінде халықаралық деңгейдегі туристік нысандарды дамытуға және инвестиция салуға белсенді қатысуға үндеді.
Атап айтқанда, Катонқарағай ауданындағы Балықты бұлақ шатқалында ұзақ мерзімді жалға беруге дайын шамамен 3 гектар бос инвестициялық жер учаскесі бар. Жобаның болжамды инвестиция көлемі шамамен 3 млрд теңгені құрайды.
Аталған жер учаскесінің маңынан республикалық маңызы бар «Өскемен – Рахман қайнарлары» автожолы өтеді. Бүгінде Шығыс Қазақстанның ұлттық парктерінде инвесторларға ұсынылатын осындай бірнеше инвестициялық алаң бар.
Жалпы, аталған мәселелерді кешенді түрде шешу қоршаған ортаның сапасын жақсартып, Шығыс Қазақстан облысының тұрақты экологиялық дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).