
Қазақстандағы Эколог күні мен Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында Шығыс Қазақстан облысының мектеп жанындағы жазғы тілдік лагерьлерде оқушылар «Қазақстан табиғаты» модулі аясында тақырыптық күн өткізді.
Іс-шараға Алтай, Самар, Үлкен Нарын, Марқакөл, Ұлан, Зайсан, Катонқарағай, Глубокое аудандарының, Өскемен және Риддер қалаларының оқушылары қатысты.
ШҚО Білім басқармасының мәліметінше, іс-шараның негізгі мақсаты – туған өлкенің табиғи байлығын зерттеу, қоршаған ортаға қатысты сөздік қорды кеңейту, шығармашылық қабілеттерді дамыту және экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
– Оқушылар еліміздің табиғи аймақтарының алуан түрлілігімен, бірегей ландшафттарымен және табиғи көрікті жерлерімен танысты. Талқылаулар барысында олар далалар мен таулар, көлдер мен өзендер, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен олардың экологиялық тепе-теңдікті сақтаудағы маңызы туралы мол мағлұмат алды, – деді ШҚО Білім басқармасының өкілдері.
Сонымен қатар тақырыптық күн аясында әдеби-музыкалық бағыттағы іс-шараларға ерекше көңіл бөлінді.
Оқушылар табиғатты қорғау мекемелерінің қызметкерлерімен, орманшылармен, экологтармен және өңірдің табиғи мұрасын сақтаумен айналысатын инспекторлармен кездесті. Кездесу барысында қатысушылар табиғат қорғау саласы мамандарының қызмет ерекшеліктерімен танысып, қоршаған ортаны қорғау және Шығыс Қазақстанның биологиялық алуантүрлілігін сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат алды.
Сурет: ШҚО ББ