Риддер қаласының 240 жылдығына орай мерекелік іс-шаралар өтеді

Риддер қаласының 240 жылдығына орай мерекелік іс-шаралар өтеді

Биыл Риддер қаласы өзінің 240 жылдық мерейтойын атап өтуде. Мерейтойға орай 5–6 маусым күндері қала тұрғындары мен қонақтарын ұлттық дәстүр, спорт және шығармашылықты ұштастырған екі күндік ауқымды мерекелік бағдарлама күтеді.

Шаһар тарихы 1786 жылдан бастау алады. Сол жылы Алтайға барлау топтары жіберілген. Солардың бірін тау-кен офицері Филипп Риддер басқарды. Ол алтын, күміс және полиметалл қорына бай ірі кен орнын ашып, кейін бұл кен орны оның есімімен аталды. Аталған жаңалық кейіннен Риддер қаласының негізін қалауға жол ашты.

Бағдарлама аясында облыстың үздік ақындарының қатысуымен айтыс, «Ата-Мұра ойындары» ұлттық ойындары, қазақ күресі, көкпар, бәйге, садақ ату жарыстары, әуе шарымен ұшу, жүлделер ұтысы және жәрмеңке ұйымдастырылады.

Сонымен қатар BAYANSULU, Анар Батырхан және KILIMANJARO SHOW өнер көрсететін мерекелік концерт өтеді. Мерекелік іс-шараның соңында, сағат 22:00-де отшашу болады.