
Катонқарағай ауылында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының филиалы ашылды.
Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Данияр Дүйсембаев, ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинова, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Айтқазы Шерубаев, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Әділбек Қожахметов, ардагерлер мен аудан тұрғындары қатысты.
Орталық аға буын өкілдерінің өмір сапасын арттыру, денсаулығын нығайту және оларды қоғамдық, шығармашылық, спорттық, зияткерлік қызметке тарту мақсатында құрылған.
Мерекелік іс-шараның ерекше сәнін белсенді ұзақ өмір сүру бағдарламаларына қатысушылардың өздері дайындаған концерттік бағдарлама кіргізді. Сахна төріне өмірге дегеү құштарлығы мен күш-қуаты сарқылмаған жандар шықты.
Жобаны жүзеге асыруға «Катонқарағай ауданының тұрақты дамуы» қоғамдық қоры зор қолдау көрсетті. Қордың құрылтайшысы – AITAS холдингінің негізін қалаушы Серік Толықпаев. Қор қаражаты есебінен ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қажетті жабдықтар сатып алынып, орталық толықтай жарақтандырылды. Жобаның жалпы инвестиция көлемі шамамен 7 миллион теңгені құрады.
Орталық келушілер үшін барлық қолайлы жағдаймен қамтамасыз етілген. Мұнда жаттығу құрылғылары бар спорт аймағы, шахмат пен тоғызқұмалақ алаңы, шығармашылық шеберхана, мәдени-демалыс кеңістігі және қарым-қатынас жасауға арналған арнайы аймақ жұмыс істейді.
Бүгінде Шығыс Қазақстанда аға буын өкілдерін қолдау жүйесі қарқынды дамып келеді. Облыс бойынша белсенді ұзақ өмір сүрудің 175 нысаны жұмыс істеп, оған 4 мыңнан астам зейнеткер тұрақты қатысады. Мұнда олар спортпен және шығармашылықпен айналысып, зияткерлік ойындарға қатысады.
(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).