
Халықаралық балаларды қорғау күнінде Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті TV School мектебінің оқушыларымен ерекше кездесу өткізді. Оқу жылы бойы ішкі істер органдарының медиа-серіктесіне айналған жас тілшілер үшін бұл күн мерекелік көңіл-күймен басталды.
Өткен оқу жылында балалар полиция қызметін ақпараттық тұрғыдан көрсету бойынша 20-дан астам авторлық материал әзірледі.
Әрбір репортаж жас тілшілер үшін тек шығармашылық ізденіс емес, жауапкершілік пен тәртіпті, құқық қорғаушы мамандығына деген құрметті қалыптастыратын сабаққа айналды. Ал көрермен үшін бұл – полиция қызметін ашық және адамгершілік тұрғысынан тануға берілген тамаша мүмкіндік.
Ішкі істер органдарына деген шынайы қызығушылығы мен белсенділігі үшін Полиция департаментінің басшылығы оқушыларға арнайы экскурсия ұйымдастырды. Жас тілшілер полицияның күнделікті жұмысымен етене танысып, сала мамандарынан өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.
Кездесу соңы салтанатты марапаттау рәсіміне ұласты. Полицияның оң имиджін қалыптастыруға белсене атсалысқан 18 жас тілші департамент басшылығының алғыс хаттарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Дереккөз: ШҚО ПД