ШҚО оқушылары Балаларды қорғау күні қарсаңында Астанаға барды

ШҚО оқушылары Балаларды қорғау күні қарсаңында Астанаға барды

Балаларды қорғау күніне орай Шығыс Қазақстан облысында жас ұрпаққа арналған қызықты іс-шаралар ұйымдастырылды. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, бұл күні өңірде 100-ден астам мәдени-көпшілік және ойын-сауық іс-шарасы өтеді.

Білім басқармасының хабарлауынша, 30 мамыр күні облыстың бес оқушысы Ақорда резиденциясында болып, олар үшін Астана қаласы бойынша арнайы экскурсия ұйымдастырылды.

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Президент резиденциясы барлық облыстан келген 100 оқушыға есігін айқара ашты.

Ақордада пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, оқу озаттары, шығармашылық байқаулардың және спорт сайыстарының лауреаттары қонақ болды. Кішкентай меймандарға ғимарат құрылысының тарихы мен сәулеттік ерекшеліктері туралы сыр шертетін қызықты экскурсия ұйымдастырылды. Оқушылар ресми қабылдау өтетін залдармен, Мемлекет басшысының кітапханасымен танысып, резиденция аумағындағы бақта серуендеді.Жеткіншектер Қазақстан тарихы туралы жан-жақты мәлімет алып, Тәуелсіздік құндылықтарының маңызына бойлады.

Экскурсия соңында балаларға Президент атынан естелік сыйлықтар табысталды.